Әр түрлі

Ботаникалық бақтағы агава өсімдігінің қауызы жарылды

Петропавлдағы ботаникалық бақта агава өсімдігінің қауызы жарылды. Ал екі айдан соң, бір жарым ғасырлық тарихы бар өсімдіктің гүлдері жетіліп, толықтай ашылады. Біздің қалада аталған құбылыс бірінші рет орын алмақ.

 

Бұл – агава өсімдігі. Оның 40-қа жуық түрі бар екен. Мына гүл – олардың арасындағы ең ірісі болып саналады. Жас өскін осыдан бір жарым ғасыр бұрын Ресейдің Петербург қаласынан әкелінген екен. Сол уақытта оның биіктігі 20 см-дей ғана болса, қазір агава – 1,5 метрге дейін көтіріліп қалған.

Равиль Рязапов – Петропавлдағы Ботаникалық бақтың бас аграномы:


– Кеше таңертеңгі уақытта ботаникалық бақтың ішінен бір дыбыс естілді. Кейін агаваның қауызы жарылғаны анықталды. Енді ол 2 айдан соң гүлдейді. Күлтелерінің түсі сары және сұр болады. Бұл өсімдіктің отаны – Мексика елі. Ол жақта агаваның биіктігі – 24-25 метрге дейін жетеді.

Біздің елімізде аталған құбылыс бірінші рет орын алмақ. Сол себепті, ботаникалық бақтың қызметкерлері агаваны жақсылап күтіп баптауға барларын салуда. Өсімдік жылуды сүйеді. Сондықтан, гүл ашылғанға дейін қызметкерлер бақтағы ауа температурасын күнделікті 30-35 градусқа дейін көтереді. Понкрациум болса, керісінше, суықта өмір сүргенді ұнатады. Аталған өсімдік те осыдан 2 ай бұрын гүлдей бастаған. Ал мына өсімдік – Стрелиция. Оның гүлдері құс пішіндес болғандықтан, кейде “Бақыт құсы” деп аталады.

Равиль Рязапов – Петропавлдағы Ботаникалық бақтың бас агрономы:


– Бұл гүл Оңтүстік Америкада көп кездеседі. Биіктігі екі метрге дейін жетеді. Флорист мамандар оны гүлшоғыр жасауға жиі қолданады. Себебі, кесілген гүлдері әдемі. Сонымен қатар, бір айға дейін солмай, жақсы қалпын сақтай алады.

Ал бүр жарған агава өсімдігінің әсем гүлдерін қала тұрғындары 2 айдан соң тамашалай алады. Айта кеткен жөн, ол тек бір рет гүлдейтін тұқымдастардың қатарына жатады.

Молдир Макишева