Кешкі жаңалықтар

ҚР Конституциясы күніне арналған «МТРА жаңалықтары» арнайы ақпараттық шығарылымы

Берік Қасен – тілші:

– Кез келген мемлекеттің ұстанымын, ұлтының құндылығын айқындайтын Негізгі құжат – Конституция. Олай болса, Ата заңды қастерлеу – ұлттың ұлы парызы. Мұны солтүстікқазақстандықтар жақсы түсінеді. Сондықтан да мерейлі мереке ҚР Конституциясы күнін көп болып, бір адамдай атап өтуде.

Жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасынын Конституциясына биыл 23 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында Ата заң – өркендеуімізге жол ашып, зайырлы және құқықтық ел екендігімізді айқындайтын бірден бір нормативтік құжатқа айналды. Бірінші бапта көрсетілгендей тұғырлы елдің ең құнды қазынасы – адам өмірі мен бостандығына кепіл болар қазықтың қадасын қақты. Ортақ құжат әр азаматтың экономикалық-әлеуметтік ахуалын қорғауға тікелей қатысты.

–  Жастар бақытты өмір сүруге жассын. Сол жақсылықты бізге қарияларға көруге жазсын .

–  Баршысын Конституция мерекесімен құттықтаймын. Отандастарыма зор денсаулық, ашықаспан тілеймін.

Конституцияның арқасында еліміз бейбітшілік пен келісім, тұтастықтың үлгісін көрсетіп отыр. Әлемдік саясаттағы экономика, білім, мәдениет, спорт, құрылыс және өзге де саладағы жетістіктеріміз – Ата заңда көрсетілген қағидалардың жемісі.Бұл күні мерекелік сахна төрінен еліміздің егемендігін айшықтаған әндер мен билер орындалды.

Отандастарымыздың қол жеткен жетістіктері түгелдей басты құжатымызбен тығыз байланысты екені күмәнсіз. Көптеген жаңа заңдар қабылданып, халық игілігіне қызмет етуде. Ондағы ережелердің қайнар көзі – Конституциядан бастау алады.

–  Баршасына бейбітшілік тілеймін. Қазақстанды мекен еткен түрлі ұлттардың бірлігі нығая берсін. Аспанымызашық болсын. Жерлестерімді мерекемен құттықтаймын.

–  Тұрғындардың көңіл-күйлері қашан да көтеріңкі болсын деп тілеймін. Мен бүгін сахнаға шығып, қазақ, орыс, украин ұлттарының биін билеймін. Осылайша бүгінгі шараға өз үлесімді қоспақпын.

Әркім мерекені сән-салтанатымен атап өту үшін өзінше ат салысты. Омарташылар бал жәрмеңкесін ұйымдастырды. Он саусағынан бал тамғандар жұртшылыққа сәндік қолдандабы қолөнер туындыларын ұсынды. Солардың бірі – Айман Қоңқабаева. Есіл ауданына қарасты Николаевка селосының тұрғыны қол өнерге аптасына бір күн көңіл бөлетінін айтады.

Айман Қоңқабаева – Есіл ауданының тұрғыны:


– Николаевка селосындағы әжелер жұма сайын бас қосып, орамал, шәлі тоқимыз. Бұл іс пайдалы. Адамды тыныштандырады.

Конституциядағы қағидаларды терең түсініп, сақтау – әр азаматтың парызы. Өз халқының құқығы мен жеке бас бостандығын жоғары қойған мемлекеттің келешегі қашан да баянды болмақ.

***

Эльмира Сәдуақасова – тілші:


– Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы мен Тәукенің Жеті жарғысы. Қазақ халқында әр уақытта ел ішіндегі тәртіпті реттейтін заңдар жинағы болған. Бүгінде ол -біздің Конституциямыз. Бейбітшілік, бірлік пен ынтымақтастықтың кепілі. Биыл Ата Заңымыздың қабылданып, қолданысқа енгеніне 23 жыл толып отыр.

Мерекені тойлауға теріскейліктер облыстық тарихи-өлкетану музейінің алдына жиылуда. Мұнда жерлестеріміз үшін арнайы көрме дайындалған. Ата Заңның қабылдануы туралы қызықты деректерді де осы жерден білуге болады. Жалпы, осыдан 23 жыл бұрын жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Басты құжаттағы қағидаларды бұлжытпай орындаудың арқасында қазір еліміз өзін әлемдік аренада төрт құбыласы тең мемлекет ретінде таныстыра алады. Демократиялық, зайырлы, құқықтық Қазақстанның ең басты байлығы – адам мен оның өмірі, бостандығы. Сондықтан, Конституцияны қастерлеу – әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы.

Жансұлу Бекенова – облыстық тарихи-өлкентану музейінің экскурсия жетекшісі:

 

– Көрме арқылы жас буынға Конституция туралы айтып, елін жерін сүюге баулу.

Шаһарымыздың басты көшесінің аты да еліміздегі негізгі заңның құрметіне қойылған. 1999 жылы бұл көше “Конституция” деп өзгертілсе, 2005 жылдан бастап “Қазақстан Конституциясы” деп аталып келеді. Сондықтан, Ата Заң күніне орай ұйымдастырылған шаралардың да басым бөлігі дәл осы жерде өтіп жатыр.

– Конституция күнімен барша Петропавл тұрғындарын шын жүректен құттықтаймын. Елімізде тыныштық болсын!


– Бүгін досыммен мерекені атап өту үшін шықтық. Мейрам жақсы өтіп жатыр.


– Бүгін жанұямызбен мерекеге келдік. Күн жайма-шуақ. Мейрам керемет өтіп жатыр.

Мерекелік атмосфера ескі саябақ ішінде де сезіледі. Мұнда балалар мен үлкендер үшін күздің жақындауына арналған көрме жайғасқан. Қолөнер бұйымдарын түрлі білім ошақтары, аурухана ұжымдары мен зауыт қызметкерлері дайындапты. Мәселен, «Балауса» бөбекжай балабақшасы тәрбиешілер, бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары әзірлеген бұйымдарды ұсынған.

Сымбат Лепес – «Балауса» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі:


– Біз балабақшада күннің екінші жартысын балалармен қолөнер бұйымдарын жасаумен өткіземіз. Осылайша, оларды еңбекке баулимыз. Бүгін, міне, солардың бірқатарын көрмеге әкелдік.

Мейрам атап өтуге Петропавл ауыр машина жасау зауытының ардагерлер қауымы да келіпті. Қолдан жасаған бұйымдарын көрмеге қойған олардың қала тұрғындары үшін дайындаған тосын сыйлары аз емес.

Нағима Құсайынова Петропавл ауыр машина жасау зауытында 26 жыл бойы еңбек еткен. Зейнетке шыққан соң да қызмет орнына жиі барып тұрады. Себебі, күміс көмей әншінің қатысуынсыз бірде-бір мейрам өтпейді екен. Бүгін он саусағынан өнер тамған нәзікжанды ән-шашудан бөлек, шараға ұлттық үлгідегі көрпе-құрақтарын да әкепті.

Нағима Құсайынова – зейнеткер:

– Елбасының «Өз кәсібіңді бастау» деген сөзін естіп, ұлттық нақыштағы құрақ-көрпелерді жасай бастадым.

Мерекелік іс-шаралар алдағы демалыс күндері өз жалғасын таппақ.

***

 

Бақыт Сәдуақасов – тілші:


– Петропавлда “Ринг патшасы” турнирі осымен 2-ші рет өткізілуде. Бүгін доданың ақтық кезеңіне жолдама алған 10 әуесқой боксшы қолғап түйістіріп, жеңімпазды анықтамақ.

3 күндік чемпионаттың финалдық кездесуін орталық алаңда тамашалауға жиналған теріскейліктердің қатары аз болмады. Қазір шаршы алаңда 3-ші орынға талас жүруде. Рингте батысқазақстандық Асылбек Сарманов пен Қырғызстан елінің өкілі Абдельахад Турды-оглы қолғап түйістіруде. Әуесқой қос бокшы ә дегеннен жойқын соққыларын бағыттап, бір-бірін нокаудқа түсіруге барын салды.

Осылайша, 3 раундттық кездесуде қимылы ширақ Абдельахад Турды-оглы қарсыласын тізе бүктіріп, өз салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды.

Абдельахад Турды-оглы – турнирге қатысушы, Қырғызстан Республикасы:


– “Ринг патшасы” чемпионатына 2-ші рет қатысып отырмын. Қарсыласым осал емес. Тыңғылықты дайындықтың арқасында жеңіске жеттім. Нәтижеме көңілім толады.

Бұдан соң, жерлестеріміз боксшылардың 64 және одан жоғары салмақ дәрежесіндегі кездесуді тамашалады. Шаршы алаңда – қарағандылық спортшы мен Омбы қаласының өкілі. Бұл текетірес те алдыңғыларынан еш кем болмады. Нәтижесінде, Ресей елінің намысын арқалаған Абай Қабденов кездесудің фавориті атанды.

Абай Қабденов – турнирге қатысушы, Омбы қаласы, РФ:

– Рингте 91 келі салмақ дәрежесінде қолғап түйістірдім. Іріктеуде петропавлдық боксшыдан басым түсіп, ақтық сынға жолдам алдым. 3-ші орын да жақсы көрсеткіш. Мен үшін бастысы жеңіс емес, көрермендерге әсерлі тартыс көрсету еді. Сол мақсатыма жеттім деп есептеймін.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты, чемпионаттың жалғасы бокс мектебінің ғимаратында жалғасын тапты. Финалдық додада алдымен 64 және 75 келі салмақтағы былғары қолғап шеберлерінің кездесуі өтті. Бұдан кейін, жұртшылық 81 келідегі Наиль Жамалетдинов пен Қасымхан Оспановтың жұдырықтасуын тамашалады. Міне енді барша қауым асыға күткен соңғы кездесуге де кезек келіп жетті. Бұл – абсолютті салмақ дәрежесіндегі спортшылардың тартысы. Қызыл киімдегі – петропавлдық Андрей Бейсембаев, оның қарсыласы – Омбы қаласының тумасы Сайран Смайылов. Қос былғары қолғап шеберлері алғаш раундта бір-бірін аңдып, барлаумен болды. Қызық енді басталғандай. 2-3-ші раунда 39 жастағы жерлес спортшы қарсыласын соққының астына алып, басымдықты қолдан бермеді. Нәтижесінде төрешілер бірауыздан Андрей Бейсембаевты жеңімпаз деп таныды.

Андрей Бейсембаев – “Ринг патшасы 2018” турнирінің 1-ші орын иегері, Петропавл қаласы:


– Өткен жылы қола жүлдегер атанғанмын. Биылғы чемпионатта есемді қайтардым. Іріктеу сындары оңай болған жоқ. Ақтық кездесуде ресейлік спортшыға көбірек соққылар дарытып отырдым. Соның арқасында жеңіске жеттім. Қуанышымда шек жоқ. Барлық жанкүйерлерге алғысымды білдіремін.

Кездесуден соң, жеңіс тұғырынан көрінген жүлдегерлерге медаль, 50 мың , 100 мың және 150 мың теңгенің ақшалай сыйақылары табысталды. Ал Андрей Бейсембаев “Ринг патшасы 2018” турнирінің арнайы белдігіне қол жеткізіп, көрермендер қошеметіне бөленді.