Құрылыс

“Казградстрой” компаниясының үйлері энерготиімді шыны пакеттермен қаптамақ

The YouTube ID of https://www.youtube.com/embed/MpDfZNHC6Lo is invalid.

Өңірдегі құрылыс саласында тың бағыт қолға алынбақ. Биылдан бастап “Казградстрой” компаниясы коммерциялық мақсатта тұрғызып жатқан баспаналарын энерготиімді шыны пакеттермен қаптайтын болады. Мультифункционалдық әйнектің артықшылығы сол, ішкі жылуды сыртқа, даладағы суықты ішке өткізбейді.

Халықты сапалы және қолжетімді баспаналармен қамту – еліміздегі басым бағыттардың бірі. Стратегиялық маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға “Казградстрой” серіктестігі қомақты үлес қосып келеді. Былтыр құрылыс компаниясы ауқымды шаруаны қолға алды. 18 қабаттан тұратын 255 пәтерлік “Трио” тұрғын үй кешенін 2019 жылдың соңына дейін қолданысқа тапсыруды жоспарлап отыр. Нысан қаланың қақ ортасында, дәлірек айтқанда, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының жанында тұрғызылуда. Бүгінде 18 қабаттың 13-і көтерілген.

Александр Авдеев – “Казградстрой” ЖШС бас директоры:


– Тұрғындар шақырған қонағынан қысылмасын деп “Трио” тұрғын үй кешеніндегі пәтерлердің ішін кең етіп жобаладық. Зәулім үйдің маңында жер асты паркингі салынады. Оған жедел сатымен түсуге болады. Сондай-ақ, жобада балақайлар үшін ойын алаңы қарастырылған.

Александр Авдеевтың сөзінше, кірпіштер мен өзге де құрылыс материалдарының бағасы шарықтап кеткен. Бұл өз кезегінде баспананың өзіндік құнының көтерілуіне әкеліп соқтырады. Сондықтан, жергілікті құрылысшылар “Трио” тұрғын үй кешенінің сыртын энерготиімді шыны пакеттермен қаптау жөнінде шешім қабылдапты. “КазГрадСтрой” серіктесігінің бас директоры Александр Авдеев бұл жаңашылдықты үлескерлер үлкен қуанышпен қабылдайды деген сенімде.

Александр Авдеев – “КазГрадСтрой” ЖШС бас директоры:


– Біздің қалада кірпіш пен газоблок жоқ. Оларды Ресейден тасып жатырмыз. Сырттан құрылыс материалдарын жоғары бағамен сатып алып, халыққа үйді қымбатқа өткізудің қажеті қанша? Баспана тұрғындар үшін қолжетімді болуы керек. Сондықтан, біз өзіміз тұрғызатын көппәтерлі үйлердің сыртын энерготиімді шыны пакеттермен қаптаймыз деп шештік.

“Трио” тұрғын үйлерінің қасбетіне арналған заманауи әйнектерді Петропавлда орналасқан “Народные окна” компаниясы жасап шығарады. Зауыт шыны пакеттерге 20 жыл кепілдік беруде.

Мұнда жұмыстың көп бөлігі автоматтандырылған. Австриялық роботтар әйнектерді жоғары дәлдікпен тіліп, тазалап, рамаларға бекітіп береді. Адамдар аталған істерге онша араласпайды, тек сырттан бақылап тұрады. Қондырғылар 8 сағаттың ішінде 300-ден астам терезені құрастыруға қауқарлы. Өнімдерге сұраныс бар. “Народные окна” серіктестігіне өңірден және Ақмола облысынан тапсырыс көп түседі екен. Мұндағылар құрылыс компанияларын мультифункционалдық шыны пакеттермен қажетті көлемде қамтамасыз етуге шамамыз жетеді дейді.

Александр Сокол – “Народные окна” компаниясының директоры:


– Зауыттың өндірістік қуаттылығы, заманауи қондырғыларымыздың өнімділігі де өте жоғары. Біз жасап шығаратын мультифункционалдық шыны пакеттер энерготиімді. Яғни, ішкі жылуды сыртқа шығармайды, даладағы суықты, тіпті, жаздың ыстығын ішке жібермейді. Сондықтан, әйнектерді перде, жалюзи немесе пленкалармен  жабудың қажеті жоқ. Басқаша айтқанда, жазда бөлменің іші салқын, қыс мезгілінде жылы болып тұрады.

Келешекте “Казградстрой” компаниясы коммерциялық баспаналардың барлығын осындай үлгіде тұрғызбақшы.

Берік Қасен