Қайырымдылық

Облыстық ардагерлер кеңесі оқушыларға тарту жасады

Аға буын өкілдерінің қамқорлығы! Облыстық ардагерлер кеңесі “Мектепке жол” акциясы аясында оқушыларға тарту жасады. Қариялар зейнетақыларының бір бөлігін балғындарды қажет кеңсе тауарларымен қамтуға жұмсапты.

Эльвина Абилязизова бір аптадан соң 3 баласын жетектеп, мектепке барады. Кіші қызы – Азиза үшін бұл күн тіптен ерекше болмақ. Балғын даярлық тобының оқушысы атанады. Қазір отбасы білім күніне қызу дайындық үстінде екен. Мектеп формасы бар, енді кеңсе тауарларын алу қажет. Бұл іске жалғызбасты анаға облыстық ардагерлер кеңесі көмекке келді.

Эльвина Абилязизова – қала тұрғыны:


–  Мен 3 баланың анасымын. Өзім жалғыз тәрбиелеп келемін. Қиын. Кішкентай қызыма бүгін сыйлық сыйлауда. Көп рахмет.

Оқушы сөмкесі, дәптер, күнделік пен түрлі-түсті қарындаштар. Бір сөзбен айтқанда, үстел үстінде жатқандардың барлығы – әрбір баланың сабағына қажет дүниелер. Бұндай игі бастаманы облыстық ардагерлер кеңесінің 3 тұрақты комиссияның мүшелері ұсыныпты. Зейнетақыларының бір бөлігін жерлестеріміз 5 бірдей балғынды кеңсе тауарларымен қамтуға жұмсған.

Әдия Ахметова – облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:


–  Бұл іс-шара басқаларға да үлгі болады деген ойдамын. Қазір елімізде көпбалалы отбасылардың қатары көбейіп келе жатыр. Дегенмен, бұл жанұялар үшін балғындардың барлығын мектепке даярлау оңай емес. Біз оларға қолдау көрсетудеміз. Себебі, аға буын өкілдері әрқашан қолдан келген көмегін аямайды.

Балғындарды өз немерелеріндей көретін бұл жандар жаңа оқу жылында балаларға сәттілік тілеп, баталарын берді.

Эльмира Садвокасова