Бизнес және экономика

“Пчёлка” ЖК-іне төмен пайызбен несие

Кәсіптің кілтін тапқан ерлі-зайыптылар. Қызылжар ауданындағы омарташылықпен айналысатын “Пчелка” жеке кәсіпкерлігі биыл мемлекет қолдауына жүгінген. Іскер азаматтар ол қаражатқа бірнеше ара жанұясы мен қажет құралдар сатып алыпты. Өнімдері жоғары сұранысқа ие кәсіпкерлік өкілдері бұл жолы балдың 1 тоннасын жинауды көздеп отыр.

Ерлі-зайыптылар Николай мен Любовь Горошколар – омарташылыққа мықтап ден қойған жандар. Олар ара ұялары жайғастырылған мына тіркемені күні кеше Тимирязев ауданынан жеткізген. Оңтүстікқазақстандық аралар енді Қызылжар ауданындағы Пресновка селосынан алыс емес жерде гүл нәрін жинауда.

12 жыл бұрын “Пчелка” жеке кәсіпкерлігіндегі жарғақ қанаттылардың 10-ға жуық жанұясы болса, қазір 50-ге жеткен. Күніне 1 ара жанұясы 3-4 келі бал әкеледі екен.

Николай Горошко – “Пчёлка” ЖК омарташысы, Қызылжар ауданы:

 

– Негізі, біздің өнімге деген сұраныс жоғары. Осы жолы тағы көп бал жиналса сенбілік жәрмеңкеге апаруды жоспарлап отырмыз. Былайша, омарташылықпен айналысу оңай сияқты болып көрінуі мүмкін. Шын мәнісінде ол төзімділік пен ептілікті қажет етеді.

Биыл кәсіпкер ерлі-зайыптылар бірінші рет мемлекет қолдауына жүгініп, жылдық 6 пайызбен несие рәсімдеп отыр. 1 млн теңгеге жуық сомаға бірнеше ара жанұясы мен қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға жұмсапты.

Любовь Горошко – “Пчёлка” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:


– Несие алмай т
ұрып, омарташылыққа қатысты білімімді толықтырдым. Ауылдық округ әкімі қалада осындай 3 айлық тегін оқыту курстары бар екенін айтты. Дәріс барысында ара өсірудің, оны күтіп-баптаудың қыр-сырын білдік. Қазір үйренгенімді іс жүзінде қолданып жүрмін.

Келер жылы отбасы аралардың салқын әрі құбылмалы ауа райына төзімді келетін түрін сатып алуды жоспарлап отыр.
Жалпы, үстіміздегі жылы “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның жергілікті филиалына теріскейлік шаруаларды қаржыландыруға 1 млрд 800 млн теңге бөлініпті. Осы күнге дейін аталған ұйымнан 1 млрд 200 млн теңгенің заемы алынған.

Абылай Нұркенов – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚОФ директоры:


– Н
әтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы” СҚ-да сәтті жүзеге асып келеді. Барлығы мақұлданған жобалардың саны – 360. Оның 60 пайызы – мал шаруашылығына, 30-ы – қызмет көрсетуге, ал 10 пайызы өсімдік шаруашылығына қатысты. Осы орайда игерілген қаражат көлемі бойынша СҚО-ы өз өңірлер арасында 4-ші орынға тұрақтады.

Қаржы ұйымының мамандары қазір тағы іскер азаматтардан өтінімдер қабылдап жатыр. Жалпы, айтуларынша өңірде өз кәсібін ашуға ниетті азаматтардың қатары жыл санап көбеюде.

Бақыт Сәдуақасов