Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңір мектептерін оқулықпен қамту

Жаңа оқу жылының басталуына бір аптадай ғана уақыт қалды. Бүгінде білім ошақтарында оқушыларды қабылдауға қызу дайындық жүріп жатыр. Қазір мектептерге мыңдаған су жаңа кітаптар жеткізілуде. Жалпы, биыл өңір бойынша 295 мың дана оқулыққа тапсырыс берілген екен. Оның 80 пайыздан астамы білім ошақтарына табысталған.

Партаға тізіліп жатқан бұл кітаптардың барлығы 3-ші, 6-шы және 8-ші сынып оқушыларына арналған. Оқулықтармен жеткіншектер әлі таныс емес. Себебі, жаңартылған білім мазмұны бойынша басылып шыққан олар мектептерге енді ғана жеткізілуде. Қазір мұғалімдер қауымы әрбіреуін мұқият тексеріп жатыр. Мұрат Айтхожин атындағы №1 орта мектебіне биыл 9700-ге жуық кітап табысталыпты. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 13 млн 510 мың теңге жұмсалған екен.

Галина Лебедева – М.Айтхожин атындағы №1 орта мектебінің кітапхана меңгерушісі:

– Өткен оқу жылында біздің мұғалімдеріміз басылымдар тізімімен танысып, қажетті кітаптарға тапсырыс берді. Ол биылғы жылы жаңартылған білім мазмұнына көшетін сынып оқушыларының санына байланысты жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, 1-ші және 2-ші сынып оқушыларына арналған жазу дәптерлерін де сұраттық.

Римма Жаманова бастауыш сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ береді. 22 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз үшін балғындарға арналған оқулықтың мазмұны өте маңызды. Себебі, олар жеткіншектер үшін түсінікті әрі бағдарламаны тез меңгеруге ыңғайлы болулы керек. Сондықтан да, жеткізілген кітаптардың барлығымен бірінші болып танысуда. Педагог жаңартылған білім мазмұны бойынша басылған оқулықтармен өткен жылы да жұмыс істепті. Айтуынша, олардың тиімділігі сол, тілдік 4 дағды негізінде құрастырылған. Бұл балғындардың сөйлеу қабілеттілігін дамытады екен.

Римма Жаманова – М.Айтхожин атындағы №1 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

– Кітаппен бірге қосымша жазу дәптері бірге келеді. Жазу дәптерлері – өте ыңғайлы. Оның көмегімен оқушы өздігінен өткен тақырыпты пысықтай алады.

Жалпы, үстіміздегі жылы өңір мектептерін кітап және оқу-әдістемелік кешенімен қамту шарасына бюджеттен 1 млрд көлемінде қаржы бөлінген екен.

Роза Елубаева – СҚО білім басқармасының бөлім басшысы:

– Жалпы, биыл 3-ші, 6-шы және 8-ші сыныптарда облыс бойынша 21 мың оқушы білім алмақ. Олар үшін биыл 295 мың дана оқулыққа тапсырыс бердік. Бұл мақсатқа 572 млн теңге жұмсалды.

Қазіргі таңда өңірімізге барлық кітаптардың 83 пайызы жеткізіліпті. Негізі бұл жұмыс тамыздың 25-сіне дейін аяқталмақ. Осылайша, жаңартылған білім мазмұны бойынша басылған кітаптармен облыс оқушылары толық қамтылатын болады.

Эльмира Сәдуақасова