Ауыл шаруашылығы

Орақ науқаны кезіндегі өрт қауіпсіздігі

Қазір өңірімізде астық жинау науқаны жүріп жатқаны белгілі. Сондықтан, қауырт маусымда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету айрықша маңызды. Осы ретте қазір мамандар күнделікті рейд шараларын жүргізіп жатыр.

Қызу орақ науқаны кезінде әдетте комбайн мен жүк көліктерін тізгіндеген еңбеккерлердің бөгелуге еш уақыттары жоқ. Өйткені, олар ауа райы ашық болып тұрғанда пісіп тұрған өнімді тезірек жинап алуға асығады. Осы кезде өрт қауіпсіздігі ережелерін естен шығармау қажет дейді төтенше жағдайлар департаментінің мамандары. Айтуларынша, жаздың басынан бері шаруашылықтарда бірнеше оқу-жаттығу шараларын өткізіпті.

Алда-жалда далада от өрши қалса оны сөндіруге арналған барлығы 21 өрт сөндіру бекеті бар. Оларға 65 елді мекен қарайды екен. Қалғандарындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тағы 20-ға жуық осындай бекет құру қажет көрінеді.

Қанат Баяндин – СҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы мемлекеттік өрт бақылау тобының бас маманы:

– Арнайы бекеттерден бөлек, 273 елді мекендегі өрт қауіпсіздігін еріктілерден жасақталған 300-ге жуық құрылым қамтамасыз етіп отыр. Ол үшін биыл 10 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның 2 млн-ы – қажетті техника мен арнайы киім алуға жұмсалған.

Қызылжар ауданында үстіміздегі жылы тілсіз жаудың орын алуы бойынша 60 факті тіркелген. Келген шығын 2 млн теңгеге жуықтайды. Одан бөлек, орманда от тұтанудың 2 оқиғасы болған. Құтқарушылардың айтуынша, бұлардың барлығы тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамағаннан орын алса керек.

Аслан Ахметжанов – Қызылжар ауданының төтенше жағдайлар бойынша бөлімі бастығы:

– Бүгінде Қызылжар ауданында өрт оқиғаларын болдырмау мақсатында ТЖ департаментінің мамандарынан құрылған топ рейд шараларын жүргізуде. Олар күнделікті алқаптарды аралап, аграрийлердің өрт қауіпсіздігін қаншалықты сақтап жатқандарын тексеріп тұрады. Нәтижесінде, айыпты деп танылған 5 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жалпы, үстіміздегі жылы облыс аумағында 80-ге жақын өрт оқиғасы тіркелген. Бұл былтырғымен салыстырғанда 2 есеге көп.

Молдир Макишева