Құқық қорғау органдары

ІІД қатары жас мамандармен толықты

Облыстық ІІД ғимаратында салтанатты жиналыс өтті. Онда жаңадан оқу бітіріп келген тергеушілер, криминалисттер мен учаскелік полиция инспекторларына қызметтік куәліктер табысталды.

Тергеушілер, криминалистер мен учаскелік полиция инспекторлары. Бүгін ІІД-нің музейінде жас мамандарға қызметтік куәліктер салтанатты түрде табысталды. Оларға сала ардагерлері мен ішкі істер органдарының басшылары еңбекте табыс тіледі.

Сұраған Көпеев – СҚО ІІД ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Сіздер ішкі істер органдарының қызметкері атандыңыздар. Алдағы уақытта осы міндетті абыроймен адал атқарып, елдің беткеұстар азаматы болуларыңызды тілеймін. Қызметтік куәлікті жұмыс бабымен ғана пайдаланыңыздар. Заңды бұзбаңыздар.

Қатарға жаңадан қосылған лейтенанттар күн сайын қоғамдық тәртіпті қадағалап, өзге әріптестеріне қылмыскерлерді ұстауға көмектесетін болады.

Ильдар Бимақанов – Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ 1-ші полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы:

– Жергілікті полиция қызметіне орналастым. Көптен күткен қызметтік куәлікке қол жеткіздім. Келешекте беделіме дақ түсірмей, үлгілі полиция атануға тырысамын. Бүгін ақсақалдардың батасын алдым. Ардагерлер мен басшылықтың үмітін ақтауға уәде беремін.

Биыл ІІД-нің қатары 30 маманмен толықты. Олар Петропавл қалалық ІІБ-ның түрлі бөлімшелерінде қызмет етпек.

Берік Қасен