Қайырымдылық

Мүмкіндігі шектеулі жандар – қоғамның назарында

Мүмкіндігі шектеулі жандар – қоғамның назарында. Өткен демалыс күндері “Hand for kids” (Хендс фо кидс) ұйымы / үйінде ерекше баланы тәрбиелеп отырған отбасылар үшін қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Одан түскен қаражат мұқтаж жанұяларға үлестіріліп берілмек. Дәстүрлі жобаға фотографтар мен аниматорлар ат салысты.

“Доброе лето” фото жобасын “Hand for kids” қайырымдылық қоры осымен үшінші жыл қатарынан өткізуде. Аталған шара ерекше балаларды тәрбиелеп отырған жанұяларды қолдауға бағытталған.

Наталья Кулешова – “Hand for kids” қайырымдылық қорының төрайымы:

 – Қайырымдылық шарасынан жиналған қаражатты ерекше баласы бар отбасылардың жолына, оңалту және емдеу шараларына үлестіріп береміз. Олардың дәрі-дәрмектері мен басқа да қажетті дүниелеріне жұмсалады. Қаржылық мәселелер туындаса, мұқтаж жандар бізден көмек сұрайды. Қазіргі таңда 11 жанұяны қамқорлығымызға алдық.

“Доброе лето” жобасына қатысушылар магниттерді құрады, себеттерге әдемілеп гүлдер жинады. София Стоцкая осыған ұқсас өнер түрімен айналысқанды ұнатады екен.

София Стоцкая:

– Мен магниттерден көбелектің суретін салдым. Бұл көбелекті тоңазытқышқа жапсырып қоюға болады.

Шеберлік сағатына қатысып болған балалардың көңілін аниматорлар аулады. Осы жерге Жанна Бекболатова қызы мен ұлын ертіп алып келген. Нәзік жанды кішкентайлары бос уақытын үйден тыс жерде, тиімді өткізгенін қалайды.

Жанна Бекболатова:

– Бүгінгі шара туралы Инстаграмм әлеуметтік желісінен білдім. Келгеніме өкінбеймін. Балаларыма шеберлік сағаты ұнады. Кішкентайлар сурет салды, гүлдерді себетке жинады.

Балалардың риясыз күлкісі мен жақсы сәттерді фотографтар қалт жібермеуде. Бұл күні шараға 10 маман ат салысты.
Өткен жылы осындай қайырымдылық шарасында ұйымдастырушылар 500 мың теңге жинапты. Қаражат “Hand for kids” қорына тіркелген жанұяларға бөлініп берілген.

Берік Қасен