Спорт

“Жас Отан” ЖҚ жеткіншектер арасында футболдан біріншілік өткізді

Шаһарда “Жас Отан” жастар қанатының жергілікті филиалының ұйымдастыруымен шағын футболдан облыс біріншілігі өтті. Оған 2004 жылы туылған және жастары одан да кіші 150-ге жуық жеткіншек қатысты.

Жеткіншектер арасындағы турнир екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр және оған қатысушылардың саны жыл санап артып келеді. Мәселен, жас футболшылардың биылғы додасына 10 аудандық және 2 петропавлдық құрама келіпті. Олар 4 топқа бөлінді. Шағын ғана алаңдағы алғашқы кездесуде көк формадағы аққайыңдықтар ақ түсті киімдегі уәлихановтықтарға қарсылық көрсетті. Ақыры, 5:3 есебімен Аққайың ауданының жеткіншектері алғашқы жеңісіне жетті.

Руслан Ахметжанов – Аққайың аудандық құрамасының қақпашысы:

– Қиын болды, бірақ біз жеңдік. Бұл чемпионатқа ұзақ дайындалдық, күнде ойнадық.

Турнирді “Жас Отан” жастар қанатының облыстық филиалы ұйымдастырып отыр. Біріншілікке барлығы 150-ге жуық бала қатысуда. Басым бөлігі болашағын үлкен футболмен байланыстыруды көздейді.

Абылайхан Қайроллаев – “Жас Отан” ЖҚ СҚОФ жетекшісі:

– Осы турнир арқылы біз балалар мен жасөспірімдердің футболға деген қызығушылығын арттырмақпыз. Осылайша, болашақта нағыз футбол шеберлерін көреміз деген сенімдеміз.

Бұл орайда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан да атқарылып жатқан шаруа ауқымды. Ведомство болашақ футболшылардың біріншілігін ұйымдастыруда барынша қолғабыс еткен. Себебі, бұл спорт түрінің теріскейдегі болашағы зор деп санайды.

Есілбай Омаров – БЖСМ жұмысы жөніндегі облыстық дене шынықтыру-спорт орталығы басшысының орынбасары:

– Облыс бойынша 1028 бала футболмен айналысады. өңірде 32 футбол алаңы бар. Бұл спорт түрінің әрі қарай дамуына серпін береді.

Турнир екі күнге жалғасты. Оның қорытындысы бойынша топ жарған үш құрамадан бөлек үздік шабуылшы, қорғаушы және қақпашы анықталды. Ерекшеленгендерге медальдар мен кубоктар табысталды.

Саят Ермек