Спорт

Теріскейде жасөспірімдер арасында велоспорттан көпкүндік жарыс басталды

Петропавлда жасөспірімдер арасында велосипед спортынан көпкүндік жарыс жалауын көтерді. Үстіміздегі жылы дәстүрлі чемпионатқа еліміздің жер-жерінен 13 құрама қатысуда.

КСРО-ның спорт шебері, жерлес велоспортшы Алексей Мартыновичті еске алу құрметіне арналған жарыс жыл сайын өткізіледі. Биыл дәстүрлі республикалық чемпионатқа ел облыстарынан 13 құрама қатысуда. Велошабандоздар қазір шайтанарбаларын соңғы дайындықтан өткізіп, ретке келтіріп жатыр. Ұйымдастырушылар осы жылы қала маңындағы Белое селосындағы тас жолды таңдап алыпты.

Владимир Парахин – велосипед спортынан МОБЖСМ директоры:

– Республикалық додаға еліміздің 6 өңірі мен жергілікті велоспортшылар қатысуда. Жарыс 4 күнге созылады. Бір айта кетерлігі, тас жолда қарсыластарынан 2 минутқа қалып қойған шабандоздар бірден шығарылады.

Санаулы минуттан соң, велошабандоздар жарыс жолына бет алды. Жалпы, саны 82 спортшы бүгін топтық сында 40 шақырымды бағындырулары тиіс. Ауа райы кері әсерін тигізді ме екен, кей қатысушылар белгіленген межені бағындыра алмай жатты. Ал, дайындығы келісті велошабандоздар болса, желмен жүйтки жарысып, мәреге бірінші болып жетуге барын салды.

Міне, чемпионатта қарсыластарынан оза шапқан қатысушылардың қарасы да көрінді. Өстіп, 40 шақырымды 1 сағат 7 минут ішінде бағындырған Вячеслав Сичкарев мәреге 1-ші болып жетті.

Вячеслав Сичкарев – велошабандоз, Астана қаласы:

– Турнирге Елордадан 12 велошабандоз келді. Командамыз тыңғылықты дайындалды. Көрсеткішіме көңілім толады.

Ал, ертең сайыскерлерді тағы бір кезекті топтық жарыс күтіп тұр.

Бахыт Садвокасов