СпортҚұқық қорғау органдары

Тәртіп сақшылары арасында шағын футболдан чемпионат бастау алды

Бүгін Петропавлда қазақстандық тәртіп сақшылары арасында шағын футболдан чемпионат бастау алды. Жарыста еліміздің 5 өңірінен жиылған 7 команда 3 күн бойы бақ сынасады.

Чемпионаттың ашылу салтанатына өңір жетекшісінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров қатысты. Ол тәртіп сақшыларына ойыншыларға сәттілік тіледі.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Барлықтарыңызды облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан осы чемпионаттың ашылуымен құттықтаймын.

Сондай-ақ, бұл күні облыстық ІІД-іне 11 қызметтік автокөліктің кілті табыс етілді.

Кейін ойын да басталып кетті. Алғашқы болып алаңға қара түсті жейде киген астаналықтар мен көк киімдегі жергілікті тәртіп сақшылары шықты. Тартыс басталысымен қос тарап бір-біріне дәл соққыларымен, тегеурінді шабуылдармен әрекет жасап, ойынды қыздыра түсті.
Сонымен қоса, осы байрақты бәсекеге павлодарлық тәртіп сақшылары да тыңғылықты дайындықпен келіпті. Олар жеңіске қол жеткізетіндеріне нық сенімді.

Айдар Дүйсенбаев – Павлодар қалалық ІІБ арнайы даярлық бөлімінің инспекторы:

– Чемпионатқа бірінші рет қатысып тұрмын. Біз бұл дүбірлі додаға жақсы дайындықпен келдік, командамызда мықты-мықты ойыншылар бар. Аталмыш жарыста жеңіске жетеміз деген ойдамын.

Биылғы сайыстың ерекшелігі, чемпионатта облыстық ІІД-нің нәзікжандыларынан құралған команда да сынға түседі.

Мақпал Алпысова – Петропавл қалалық ІІБ кадр жұмысы бөлімінің аға инспекторы:

– Биылғы жарысқа СҚО ІІД бастығы Берік Біләловтің бастамасымен әйелдер құрама командасы жасақталды. Біз бір ай көлемінде дайындықтан өттік. Қыздардың көңіл-күйі жақсы, күш-қуаттары мықты. Қарсыластарға сәттілік тілеймін.

3 күнге созылған жарыстың жеңімпаздарына кубоктар, мақтау қағаздары мен құнды сыйлықтар табыс етіледі. Жарыс қорытындысы тамыздың 24-і өтетін чемпионаттың жабылу рәсімінде белгілі болады.
Сондай-ақ, алдағы уақытта ұйымдастырушылар тәртіп сақшылары арасында тапаншадан ату, қоян-қолтық күрес пен самбодан жарыс өткізуді жоспарлап отыр.

Альмира Жетписбай