Спорт

XVIII жазғы Азия ойындарына облыстан 8 спортшы қатысады

Ертең Индонезияның Джакарта қаласында XVIII Азия ойындарының ресми ашылуы өтеді. Додаға ел құрамасы сапында 440 спортшы қатысады. Қатарында 8 теріскейлік саңлақ та бар. Оның 5-уі – велошабандоз, қалған 3-уі – жеңіл атлетші.

Әлемдік деңгейдегі жазғы Азия ойындарының басталуына санаулы сағаттар қалды. Шартараптың кіл мықты спортшыларының басын тоғыстыратын байрақты жарысқа қатысуға қазақстандық құрама әлдеқашан аттанып кеткен. Ел атынан 440 саңлағымыз спорттың 30 түрінен жүлдеге таласады.

Владимир Парахин – велосипед спортынан ОБЖСМ директоры:

– Дүбірлі додада теріскейлік 5 велошабандоз жарысқа түседі. Олар – спорт шебері Алексей Луценко, әлем чемпиондары – Алексей Захаров, Жандос Бежігітов, Наталья Сайфутдинова. Шосселік тартыста Алексей Луценко мен Жандос Бежігітов сайысады. Қалғандары жекелей сында өнер көрсетеді. Ал, нәзікжандымыз болса топтық кезеңде бақ сынайды.

Бұдан бөлек, Азия ойындарына теріскейдің 3 бірдей жеңіл атлетшісі қатысады. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин, желмен жарыса жүгіретін жүйріктерімізге зор сенім артып отыр.

Руслан Есеналин – СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Жеңіл атлетшілеріміздің жеңіске жететініне үмітіміз мол. Әсіресе, Маргарита Мұқашева мен Ирина Эктованың жүлде еншілейтініне күмәніміз жоқ. Қос саңлағымыз қашанда биік белестерден көрініп жүр. Бұл өлкеміздегі бапкерлердің кәсіби деңгейінің жоғары екендігін аңғартады.

Айта кетейік, 4 жылда бір рет болатын XVIII жазғы Азия ойындары тамыздың 18-і мен қыркүйектің 2-сі аралығында Индонезияның Джакарта қаласында өтеді. Қазақстан құрамасы болса кезекті әлемдік жарысқа осымен 7-ші мәрте қатысқалы отыр.

 

 Бахыт Садвокасов