Аптадағы маңызды жаңалықтар

Күзгі орақ барысы

Ауыл шаруашылығындағы сыртқы тауар айналымы 20 пайызға өсіп, 94,5 млрд АҚШ долларын құраған. Ал, инвестиция көлемі 15 пайызға өсіпті. Жалпы, саланың дамуы жайлы облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа жауапты ведомство басшысы баяндады.

Қайрат Омаровтың айтуынша, бүгіндері солтүстікқазақстандық аграрийлер егін орағына қызу кірісіп кеткен. Гектар берекелігі – 15,7 центнерден, ал майлы дақылдардың шығымдылығы 9 центнерден айналуда. Маңызды науқан басталғалы бері дәнді дақылдар 54 мың гектар жерде шабылған. Бұл жалпы аумақтың 2 пайызы ғана. Алтын астықтың 18 мың тоннасы бастырылыпты. Майлы дақылдар болса, 900 гектар жерде орылған. Өңір алқаптарында 58 заманауи комбайн жүйткіп жүр. Ал, жалпы биыл өңіріміздің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 895 бірлік жаңа техника сатып алған. Оған 14 млрд теңге қаржы жұмсалыпты. Десе де, теріскей диқандары ескі агрегаттарды қолдануға мәжбүр. Өйткені, өңірдегі тозығы жеткен ауыл шаруашылығы техникалары 70 пайызды құрайды. Бұл ретте қазір оларды өзімізде құрастыру ісі қолға алынған. Алдағы уақытта Петропавлда пилоттық режимде «Класс» маркалы техникаларын шығару жоспарланып отыр.

Магжан Ахмадина