Қоғам

Елбасы оңтүстіктен қоныс аудардарған отбасылармен кездесті

Биыл Тайынша ауданына қарасты Ильичевка селосына оңтүстіктен 6 отбасы қоныс аударыпты. Жанұя мүшелері жұмыспен қамтылып, жаңадан салынған баспаналарға орналастырылған. Тұрғындармен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүздесті.

Күнгейден келген қандастарды тайыншалықтар құшақ жая қарсы алды. Оларға аудан басшылығы жайлы баспана берді. Ағайынның қуанышында шек жоқ. Оларды құтты қоныстарымен Елбасы Н.Назарбаев құттықтай келді.

Болатбек Оралов – Ильичевка ауылының тұрғыны, Тайынша ауданы:

– Біз Сарыағаш ауданынан көшіп келдік.Зайыбым мектепке орналасты. Үлкен ұлым аудандық ІІБ еңбек етіп жатыр. Өзім ауыл шаруашылығы кооперативін аштым.

Осы жерде Президент қоныстанушылармен әңгімелесті. Елбасы тұрғындарға солтүстікте жұмыс барын, тұрғын жаймен қамтылатындықтарын айтты. Сондықтан, батылдық танытып, солтүстік өңірге көшіп келуге шақырды. Жалпы, биыл Тайынша ауданындағы Ильичевка ауылында жаңадан 14 баспана салынған. Бүгін жанұялар олардың 6-уына ғана орналастырылды. Қалғаны оңтүстіктен теріскейге көшіп келетін басқа ағайынға берілмек.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


– Оралмандар, əсіресе, Өзбекстаннан келгендер бəрі оңтүстікке қарай тығылып, “ойбай, өліп қаламыз суықтан” дейді. Мына жердің халқының бəрі өмір сүріп жатыр ғой. Жасыратын ештеңесі жоқ, осы жақта тұратын елдің əл ауқаты Шымкенттегіден, Оңтүстік Қазақстаннан біраз жоғары. Табысы да, өңірдің жағдайы да. Өзіміздің Отанымыз. Қазақтың жері. Қайда барсаң да барлығы.

Қоныстанушылардың арасында Ахметовтер отбасы да бар. Олар Солтүстік Қазақстанға наурыз айында Түркістан облысына қарасты Отырар ауданынан көшіп келіпті. Аталған өлкеде халық саны көп. Сондықтан, жанұя мүшелері ол жақта екі қолға бір күрек таппаған екен. Әрі тұрғылықты үйлері де болмапты. Теріскейге қоныстанғалы бері ағайынның жағдайы жақсарды. Үйдің отағасы Әубәкір «Тайынша май» зауытына жұмысқа орналасыпты, зайыбы ауылдағы медициналық пунктке мейірбике болып қызметке тұрған. Енді, міне, көп күттірмей Ильичевкадан баспана да алып отыр.

Әубәкір Ахметов, Ильичевка ауылының тұрғыны, Тайынша ауданы:


– Үйіміз жаңа және жайлы. Баспанамыз өзімізге ұнайды.

Сөз барысында Елбасы көшіп келіп жатқан отбасылардың жағдайын жасауға мемлекет жәрдемдесетінін айтты. Бастысы – құлшыныс танытып, ерінбей еңбек ету керектігін қаперге салды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


– Мен Алматының түбінде туғанымды білесіңдер. 17 жасымда кеттім сол жақтан. Өзімнің жолымды іздеп. Мінеки, таптым. Мұндай боламын деп ойлаған жоқпын. Дегенмен, сол шешім қабылданған, əр жерден жұмыс істеткізіп, əбден сыннан өткізіп, осындай азамат болуға мүмкіншілік бар. Оңтүстік өңірде халық көп орналасқан. Жұмыс жетпейді. Сондықтан, мен осындай бағдарламаны іске қостым. Көшкен кезде барлығыңызға мемлекет көмектеседі біраз. Мынадай үйлерді кім береді сіздерге? Онда жер де жоқ мұны салатын. Огородтарың бар, алдарыңда жұмыстарың бар. Құдай бұйырса, балалар өсіп-өніп, барлығы осы жерде қалады. Бəрі – біздің еліміз. Қазақтың жері.

Кездесудің соңында Мемлекет басшысы жаңа баспана иелеріне ақ батасын беріп, жайлы қоныс тілеп, «Туысқан, дос-жарандарды Солтүстік Қазақстанға көшуге шақырыңдар» – деп айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


– Сондықтан, менің айтатыным, осы жаққа көбірек келсін. Жағдай жасалады. 5 мың адам келді. Ол аз. Ол жақта 5-10-ға дейін балары болады. Бізге керегі – сол. Мына жақта өте кең жерлер бар. Мүмкіншіліктер бар, қимылдап жұмыс істеген адамға. Жұмыс істемеген адамдар қаражат таба алмайды. Мына жақта біраз істегеннен кейін бұдан да үлкен үй саласыңдар.

Айта кетейік, қоныстанушылар берілген баспаналарда айына 10 мың теңге төлеп тұрады. Ал, 5 жылдан соң үйлер тұрғындардың меншіктеріне өтпек.

Владимир Дудов – Тайынша ауданының әкімі:


– Тайынша ауданының Ильичевка селосына “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында 14 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл баспаналар халқы тығыз шоғырланған өңірлерден көшіп келген тұрғындарға арналған. Жалпы 14 отбасы қоныс аударады. Әр жанұяда 4-5 баладан болуы шарт. Осылайша, елді мекенге оңтүстік аймақтардан 50-60 адам көшіп келеді. Жалпы бүгінде Ильичевка селосында 136 үй түтін түтетіп отыр.

Жалпы, қазіргі уақытта Тайынша ауданына оңтүстіктен көшіп келген 25 отбасы тұрып жатыр. Биыл олардың қатары артпақ. Жыл соңына дейін 23 жанұя қоныс аударады. Жергілікті атқамінерлер олардың барлығы жұмыспен қамтылатындығын айтты.

Байболат Бектемірұлы