Бизнес және экономика

Теріскейлік жастар “Zhas Project” жобасының 69 грантын жеңіп алды

Биыл “Zhas Project” жобасына еліміздің 6 облысынан 3 жарым мың жас қатысты. Олар өздерінің бизнес саласындағы тың идеяларын ойластырып, сайысқа жолдаған. Ұйымдастырылған шара аясында таудай талапты ұл-қыздардың туындылары 3 кезеңнен тұратын іріктеуден өтті. Осының нәтижесінде 1000-нан астам жеткіншектің еңбегі жоғары бағаланыпты. Бұлардың ішінде теріскейлік өрендер де бар.


Руслан Нұрғалиев – “Zhas Project” жобасының СҚО грант жөніндегі менеджері:


– 200-ден аса солтүстікқазақстандық жас іріктеуден сүрінбей өтті. Соның нәтижесінде жерлестеріміз 69 грант ұтып алды. Енді, бұл жеңімпаздарға Дүниежүзілік банктен 130 млн теңгеден аса сыйақы берілмек. Олар қаржыға өздерінің кәсіптерін ашатын болады. Ұл-қыздар бизнестерін дұрыс бастаулары үшін бүгін бастапқы оқыту кезеңін өткізіп отырмыз. Онда арнайы даярланған менторлар істің қыр-сырын түсіндіреді, білген-түйгендерімен бөліседі.

Бастапқы оқыту кезеңі 8 аудиторияда өтіп жатыр. Сабақ барысында қатысушылар өзара танысты. Кейін, көңілді тапсырмаларды орындауға көшті. Шараға қатысып отырған ұл-қыздардың арасында Уәлиханов ауданынан келген 4 бала да бар. Бір-біріне туыс болып келетін жастар қайыңнан түрлі экологиялық ойыншықтар әзірлемек. Бұл бастамалары қолдау тауып, 980 мың теңгенің грантына иеленіпті.

Әділ Құрман – “Zhas” Project жобасының грант иегері:


– Бұл жобаны жарты жыл бұрын әзірледік. Кейін, “Zhas Project” жобасына қатысуға ниет танытып жеңімпаз атандық. Болашақта ағаштан ойыншық жасаймыз.

Ал, Лилия Гизатуллинаның жобасы, тіпті, ерекше. Бойжеткен жетім балаларға суретке түсірудің қыр-сырын үйретпек. Осылайша, жерлесіміз ұл-қыздардың кәсіппен айналысып, ақша табуларына жәрдемдескісі келеді.

Лилия Гизатуллина – “Zhas Project” жобасының грант иегері:


– Мен өзім суретке түсіргенді жақсы көремін. Сол білгенімді жетім балаларға тегін үйреткім келеді. Мүмкін олардың біреуі болашақта кәсіби фотограф болып та қалар. Осылай табыс табатын болады. Мен / ұтып алған ақшаға фотоапарат және тағы да басқа қажетті құралдар сатып аламын. Кейін кәсібімді бастаймын.

Тағы, шараға құс фермасын, тігін цехын ашуға ниет танытқан белсенді жастар да қатысып жатыр. Айта кетейік, бұл грант иегерлері Дүниежүзілік банктен 6 ай көлемінде шәкіртақы да алып тұратын болады. Жалпы, “Достық” лагерінде грант иегерлерін оқыту 4 күнге созылмақ. Онда менторлар жастардың қаржылық сауаттылықтарын арттырады, құжаттарды рәсімдеу ережелерін үйретеді.

 

Байболат Култанов