Спорт

“Құлагер” ХК жаңа құрамын таныстырды

Бас бапкердің ауысып, бірнеше тәжірибелі ойыншының саптан кетуі мен кейбірінің жаттығулар барысында ауыр жарақат алғанына қарамастан “Құлагер” құрамасының жаңа маусымнан үміті зор. Биыл Қазақстан Республикасының Кубогінде шайбалы хоккейден ашық ел біріншілігінде жергілікті клубтың намысын қорғайтын саңлақтардың саны – 28. Жаңа маусымда команда құрамы шамамен 50 пайызға жаңартылған. Арасында қазақстандық хоккей мектебінен шыққандар да, Ресейден ауысып келген ойыншылар да бар.

Олег Гущин – “Құлагер” ХК бас бапкері:


– Қақпашылық құрам сол қалпы қалды. Хорошев, Рамазанов, Грищенко сынды тәжірибелі қорғаушыларымыз, Стасюк, Мисбахов, Исмагилов пен Ахметов сияқты шабуылшыларымыз биыл да клуб сапындағы өнерін жалғастыратын болады. Жалпы айтқанда, жеңісті жұлып алуға қауқарлы хоккейшілеріміз әлі сапта. Екі орталық шабуылшыны алдық. Құрамаға биыл қосылған хоккейшілердің басым бөлігі – 94-95-ші жылы туылған ойыншылар.

Хоккейшілер жанын шүберекке түйіп, жергілікті имек таяқ шеберлеріне жанашырлық ететін жанкүйер қауымға таныстырылды. Жаңа құрам өз мүмкіндіктерін көрсетіп те үлгерген. Маусым алдында команда 4 бірдей жолдастық кездесу өткізді. Үшеуінде қарсыластан басым түскен. Нәтиже жаман емес. Команда құрамын жуырда ғана толықтырған ойыншылар қатардан қалмай, барымызды салуға әзірміз деп отыр.

Александр Храмков – “Құлагер” ХК шабуылшысы:


– Павлодардың “Ертіс” командасынан ауысып келдім. Жаттығу жиындары ойдағыдай өтті. Ұжым жақсы қарсы алды, өзге ойыншылармен тез тіл табысып кеттім. Жаттығу үшін, шыңдалуға барлық жағдайлар жасалған. Маусым бойы бар күшімді салатын боламын.

Сондай-ақ, кездесу барысында “Құлагер”-дің жастар құрамасы да таныстырылды. Хоккейдегі мансабын жаңадан бастап жатқан бұл жеткіншектер облыс намысын республикалық жастар лигасында қорғайтын болады. Биіктерден көрінсін деген ниетпен ізбасарларына негізгі құрам ойыншылары өздерінің жейделерін сыйға тартты.

Кейін жастар мен тәжірибелілер жолдастық кездесу өткізді. Тартысты матчта негізгі құрам жастар командасынан 4:1 есебімен басым түсті.

Бас Бапкер Олег Гущиннің ойыншылардың дайындық деңгейіне әзірге көңілі толмай отыр. Алайда, жаттықтырушы команда бара-бара форма жинақтайды деп сендірді. Осымен 2 жыл қатарынан ел кубогіне ие болған құлагерліктер алдағы дүйсенбіде Қарағандыға аттанып, өздерінің чемпиондық атақтарын қорғайтын болады. Ал, қыркүйектің 2-сі және 3-і күндері ашық біріншілік аясындағы алғашқы матч өтеді. Өз айдынында “Құлагер” рудныйлық “Горняк”-ты қабылдайды.

Саят Ермек