Құқық қорғау органдары

Теріскейде қайыршылықты кәсіпке айналдырғандардың саны артуда

Бүгінде орталық базар, ірі дүкендер мен сауда үйлерінің маңында алақан жайып, жұрттан қайыр сұрап жүргендерді жиі кездестіруге болады. Алайда, олар шынында да қиын жағдайға тап болды ма, жоқ па – белгісіз. Басына күн туып, амалы жоқтан алақан жайса – түсінікті. Тіпті, кейбіреулерінің ересек балалары бар, зейнетақы мен жәрдемақы алады. Бірақ, сөйте тұра, қайыр сұрау арқылы қосымша табыс табуды жөн санайды.


Василий Жилин қылмыс жасап, бірнеше рет сотталған. Ал, бұдан біраз уақыт бұрын аязда аяғын үсітіп алып, мүгедек болып қалған. Алайда, мүмкіндігі шектеулі жан жәрдемақыны рәсімдеуге асығар емес.
Осылай күн көретіндердің тағы бірі – баласын бауырына басқан мына бір нәзікжанды. Азаматша тәртіп сақшыларын көрген кезде бірден жасырынуға тырысады. Бірақ, бірнеше сағаттан кейін қайтадан өз орнына келеді. Рейд барысында бұл жандардың Шымкент қаласынан келгені анықталды. Қайыр тілеп тапқан бар табыстарын пәтерақысын төлеуге жұмсайтын көрінеді.

Асан Смағұлов – Петропавл қалалық ІІБ ЖПҚ бастығы:

– Рейд барысында анықталған 78 тұлға баспанасыз адамдарға арналған қабылдап- тарату орнына жеткізілді. Олардың 8-ін осы жерге орналастырдық. Тағы 11 азамат қайыр сұрағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Себебі, олардың барлығының тұрақты мекен-жайы бар. Оған қоса, зейнетақы және мүгедектік бойынша жәрдемақы алатындығы анықталды. Араларында тек біреуінде ғана жәрдемақы, әлеуметтік көмек пен тұрақты баспанасы жоқ екен.


Жалпы, мұндай рейдтік шараларды тәртіп сақшылары жиі өткізіп тұрмақ.

Альмира Жетписбай