Бизнес және экономика

“БЖЗҚ” СҚОФ жартыжылдық жұмысын қорытындылады

Бүгінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 330 мыңға жуық салымшысы бар. Бұл санатқа құрметті еңбек демалысына шыққан азаматтармен қатар, енді ғана шот ашып, жарна аударатындар да жатқызылады. Алайда, соңғыларының бірқатары бұл іске жауапсыз қарайды екен. 2015-2017 жылдар аралығында бірқатар салымшының тарапынан тиісті аударымдар жасалмаған. Осындай 8 мыңнан астам теріскейлік азаматпен қор мамандары байланысқа шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті. Нәтижесінде 1 мың 400-ге жуық шотқа жарналар түскен.


Рамазан Мұқанов – “БЖЗҚ” АҚ СҚОФ директоры:


– Жалпы, СҚО бойынша 2018 жылдың 1-шілдесіне дейінгі зейнетақы жинағы 217 млрд. теңгені құрады. Бұл қаңтар айымен салыстырғанда 16 млрд. теңгеге, яғни 7,3 пайызға көп. Ал, ел бойынша бұл сома жыл басынан бері 9 пайызға өсіп, 8,4 трлн. теңгеге жетіп отыр.

Тез әрі ыңғайлы. Қажетті құжатты рәсімдеп, ақпаратты үйден шықпай-ақ алуға болады. Алғашқы жартыжылдық ішінде электрондық түрде жерлестерімізге 28 мыңдай қызмет көрсетілген. Бұл осы аралықта мамандармен атқарылған жұмыстың 25 пайызын құрайды екен.

Ғалия Мұқанова – “БЖЗҚ” АҚ СҚОФ бөлім басшысы:


– 1-ші шілдеден бастап екі электрондық қызмет қосылды. Жеке зейнетақы шотын ашу жөніндегі өтініштің көшірме-нұсқасын алу және ерікті зейнетақы шотын ашу мүмкіндігі қарастырылған.

Бұл жыл басынан бері енгізілген жалғыз жаңашылдық емес. Енді азаматтар көкейінде жүрген сауалдарын Whatsapp желісі арқылы жолдай алады. Сонымен қатар, мамыр айынан бастап Telegram мессенджерінде арнайы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» боты іске қосылды. Енді бір мезетте-ақ, қосымша арқылы қажетті құжаттарға қол жеткізе аласыз.

Ғалия Мұқанова – “БЖЗҚ” АҚ СҚОФ бөлім басшысы:


– Telegram мессенджері арқылы үзінді-көшірме алу немесе үзінді көшірмені электрондық поштасына жіберу, жеке кабинетке кіру құпиясөзін қайта қалыпқа келтіру қарастырылған.

Айта кеткен жөн, қазір теріскейде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 14 қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.

Эльмира Садвокасова