Балалар

Өңір жастары есірткіге қарсы шара өткізді

Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған бұл флешмоб – нашақорлық және есірткі саудасына қарсы күреске бағытталған шаралардың бірі. Бойжеткендер осы әрекеттерімен салауатты өмір салтын қалыптастыруға ат салысып жүр. Және өңір жастарын есірткіден аулақ болуға шақырады. Қазіргі таңда барлығы да ресурстық орталық жанындағы би мектебіне барады екен. Кәмила Байгүлбай да құрбыларынан қалыспай жаз мезгіліндегі бос уақытын пайдалы іспен өткізуге тырысып жүр.


Кәмила Байгүлбай:


– Есірткінің зияны көп. Адамның психикасын бұзады. Кейбіреу одан көз жұмып жатыр.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы есірткіні шамадан артық қолданған 200-ден астам қазақстандық көз жұмған. Елімізде нашақорлық дертіне шалдыққан 52 мыңнан астам адамның 60 пайызы 30 жасқа дейінгі азаматтардан тұрады.

Шамиль Амиров – СҚО жастар ресурстық орталығы ақпараттық бөлімінің маманы:


– Жастар ресурстық орталығы өскелең ұрпақты түрлі зиянды әдеттерден аулақ ұстау үшін тиісті шараларды ұдайы өткізіп тұрады. Бос жүрген жастарды қоғамдық жұмыстарға тартамыз. Оларды толғандырған мәселелердің барлығын шешуге тырысамыз.

Жалпы, осы орайда жастар ресурстық орталығының жарты жылда атқарған жұмысы жөнінде деректі келтіре кетсек. Аталған ұйымға жыл басынан 240 солтүстікқазақстандық жас жүгініпті. Соның 3/1-і “Жастар тәжірибесі” және “Жасыл ел” бағдарламалары аясында маусымдық жұмыстарға тартылған. Екі қолға бір күрек іздеп жүргендердің дені – қалалық жерде тұратындар.

Берік Қасен