Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жол жөндеу барысын байқады

Маусым айынан бері шаһардағы бірнеше көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі таңда мердігер компаниялар тиісті шаруаларды мерзімінде аяқтау үшін іске білек сыбана кіріскен.

Интернационал көшесі – көлік нөпірі көп жолдардың бірі. 3,6 шақырымдық аумаққа асфальт төсеу өскемендік “Три-Арн” серіктестігіне сеніп тапсырылыпты. Ол жайында аймақ басшысы Құмар Ақсақаловқа компанияның бас инженері баяндап берді.

Нұрлан Мұрзабеков – “Три-Арн” ЖШС бас инженері:


– Жақында көшенің қос бөлігіне гранитті жиектастар орнатуды аяқтадық. Оның жалпы ұзындығы 6 мың метрді құрайды. Жолдың барлық бөлігіне еуропалық үлгідегі жасанды шөп төселеді, заманауи жарық бағаналары орнатылады. Сондай-ақ, осы көшедегі 7 аялдаманы жаңарту көзделген. Жұмыс күші жеткілікті. Сол себепті, кестеден ауытқушылық жоқ.

Облыс әкімі мердігерлерге асфальтты сапалы төсеу қажеттігін қаперге салды. Бұдан соң өңір жетекшісі көпқабатты баспана аулаларында салынып жатқан футбол алаңдарының бірімен танысты. Мәселен, Абай көшесі 84 мекен-жайында орналасқан тұрғын үй ауласында ойын алаңы 2 апта бұрын тұрғызылыпты. Қазір жазғы демалыста жүрген балалар доп теуіп, уақыттарын тиімді өткізуде. Құмар Ақсақалов алдағы уақытта жеткіншектерге арналған ойын алаңдары көптеп салынатындығын жеткізді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Жалпы, қала бойынша 36 футбол алаңы бар. Тағы 10 ойын алаңының құрылысын жүргізіп жатырмыз. Биыл есептік кездесулерде айтылған тұрғындардың өтініші негізінде 100 аулаға су жаңа асфальт төсеп бердік. Келер жылдары қалған көпқабатты баспана аумақтарын ретке келтіреміз.

Ал, мынау – шаһардың кіреберісіндегі көпір. Маңызды нысандағы жаңғырту жұмыстарын «А.Рязанов атындағы №25 көпір құрылыс жасағы» серіктестігі атқаруда. Былтыр учаскенің бір бөлігі қолданысқа беріліпті. Нысанның 2-ші жартысын қыркүйек айында тапсыру жоспарланып отыр.

Әмір Қарімбаев – “ҚазАвтоЖол” АҚ СҚОФ директорының орынбасары:


– Нысан құрылысын жүргізуге қажетті барлық материалдар бар. Алдағы күндері бетон үстіне асфальттің беріктігін сақтайтын арнайы жабындыны төсейміз. Одан соң жұмысшылар көпірді абаттандыру шаруаларына кіріседі. Тротуарлар мен суағарлар қарастырылған. Көпір бойында замнауи цинкіленген жарық бағандары да орнатылады.

Құмар Ақсақалов көпірді қыркүйек айының 15-іне дейін тапсыруды міндеттеді. Аймақ басшысының назарынан “Петропавл-Қорған” тас жолындағы жаңғырту жұмыстары да тыс қалмады. Республикалық маңыздағы күре жолдың шаһардан Ресей шекарасына дейінгі жалпы ұзындығы 60 шақырымды құрайды. Осы күнге дейін магистральді жөндеуге жауапты компания жолдың 4 жарым шақырымына 3 қабатты асфальт төсеген.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Республикалық маңыздағы бұл жолдың әбден тозығы жеткен болатын. Былтырдан бері “Петропавл-Қорған” бағытындағы магистраль қайта жөнделе бастады. Учаскедегі құрылысты 2020-шы жылға қарай аяқтау жоспарланған. Мердігерлер жұмысқа қарқын қосулары қажет.

Биыл облыс орталығындағы Хименко көшесі де күрделі жөндеуден өтті. Мердігер серіктестік жаңадан асфальт төсеп, бірнеше аялдама орнатқан. Енді жақын күндері учаске бойына топырақ әкелініп, жасанды шөппен көмкерілмек. Аймақ басшысының назарынан аулаішілік жолдар да тыс қалмады. Мәселен, қаладағы Ы.Алтынсарин көшесі 266 мекен-жайында орналасқан баспананың алдына күні кеше асфальт төселген.
Сондай-ақ, өңір жетекшісі Петропавл темір жол вокзалындағы жаңғырту жұмыстарымен танысты. Ресей Темір жолының Петропавлдағы бөлімшесі арқылы тәулігіне мыңнан астам жолаушы қатынайды. Биылдан бастап азаматтарға жайлы жағдай жасау мақсатында ғимарат күрделі жөндеуден өтуде.

Сергей Глуховский – “РТЖ” ААҚ Оңтүстік-Орал темір жолының Петропавл бөлімшесі басшысының бірінші орынбасары:


– Ғимараттың қасбеті толығымен жаңартылатын болады. Темір жол бекетінің сыртқы әйнегін брондалған түріне алмастырамыз. Өстіп, нысанның шатыры мен қасбетіндегі шаруаны алдағы қараша айына дейін аяқтау жоспары тұр. Келер жылы эскалаторлар орнатып, ішін қалпына келтіреміз.

Осылайша, Петропавл теміржолы вокзалындағы күрделі жөндеу жұмыстарын келер жылы толығымен аяқтау көзделген.

Бахыт Садвокасов