МТРА жаңалықтары

Теріскейде өзен-көлдерді қорғау бойынша шаралар жүргізілуде

Судың да сұрауы бар. Дегенмен, бұны елемейтін теріскейліктер баршылық. Мәселен, өзенге жақын тұратын кей жерлестеріміз Есілге сорғыларын қойып, одан өз беттерінше су тартып жатыр. Ал, өзен бойындағы саяжайлардың иелері су қоймасының жанындағы мемлекеттік жерлерді рұқсатсыз жыртып, көкөністер мен өсімдіктер өсірген. Бұдан бөлек, табын малдарын өзеннен суарып жүргендер бар. Бірақ бұл әрекеттердің барлығы заңға қайшы келеді.


Владислав Орлов – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы бөлімінің басшысы:


– 3 күндік рейд барысында кей тұрғындардың өздеріне тиесілі емес жағажай аумағын қоршап алғандарын да анықтадық. Бұған қоса, өзен бойында шашылып қатқан күл-қоқыс жетерлік.

Шара барысында табиғат жанашырлары өзенді бойлай қайықпен 100 шақырымға жуық аумақты жүріп өткен. Нәтижесінде суды қолдану тәртіптерін бұзудың 8 фактісі тіркелді.

Азамат Қожанов – Су ресурстарын пайдалану және қорғауды реттеу жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясының СҚО аумақтық бөлімінің басшысы:


– Аталған олқылықтарға байланысты біздің инспекция профилактикалық шаралар жүргізеді. Ең алдымен, заңбұзушыларға ескерту қағазы беріледі. Кейін, осы жәйттар қайталанатын болса, айыпты тұлғалар жауапкершілікке тартылады.

Айта кету керек, былтыр Есіл бассейндік инспекциясының СҚО аумақтық бөлімі осындай 4 тексеріс жүргізіпті. Шаралардың барысында анықталған өрескел заңбұзушылықтар бойынша 2 тұрғынға әкімшілік айыппұл салынған.

Тогжан Акмагамбетова