Қоғам

Теріскейдегі бірнеше мәдени ошақта жөңдеу жұмыстары жүріп жатыр

С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың негізі 1973 жылы қаланған болатын. Содан бергі 45 жылда нысанның қасбеті бірде-бір рет жөңдеу көрмепті. Қазіргі уақытта мекеменің сырты мен шатыры толығымен ауыстырылып жатыр. Ғимарат ақшыл сары және күрең түстерге боялмақ. Құрылыс басында “Мирас групп” серіктестіктерінің 20-ға жуық жұмысшысы таңғы сағат 9-дан кешкі 8-ге дейін еңбектенеді. Шілденің ортасында басталған сыртқы әрлеу шаруалары бүгінде қызу жүргізіліп жатыр.


Шамиль Сингатулин – “Мирас Групп” ЖШС бригадирі:


– Нысанның 250 шаршы метр шатырын алмастырдық. Ал, ғимараттың сыртын кірпішпен, кей жерлерін мәрмәр плиткамен қалап жатырмыз. Кіре беріс металлосайдингпен қапталады. Қалыпқа келтіру жұмыстары жоспар бойынша жүргізілуде. Шаруа қыркүйектің 10-ына дейін аяқталады.

Сондай-ақ, жарты ғасырға жуық тарихы бар ғимараттың Горький көшесі бойындағы қабырғасында таяуда кітаптардың инсталляциясы пайда болады. Оны мамандар темірден жасап жатыр. Композиция біздің өңірдің құбылмалы ауа-райы шыдас бермек. Әзірге бұндай жоба елімізбен көрші Ресейде мүлдем қолданылмапты.

Бейбітгүл Әбілмәжінова – С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың директоры:


– Біз облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен ақылдасып, нысанның қасбетін ерекше етіп, өзгерткіміз келді. Бір байламға келе, кітаптардың инсталляциясын жасаймыз деп шештік. Оның биіктігі 12 метр, ал ені 160 см-ді құрайтын болады. Онда 8 кітап бейнеленбек. Оқырмандарымыз қабырғада Абай, Пушкин, М.Жұмабаев, Ш. Уәлиханов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, С.Шаймерденов пен И. Шуховтың туындыларын көре алады.

С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың ағымдық жөңдеу жұмыстарына облыстық қазынадан 43 млн. теңге бөлініпті. Орталық кітап үйінен бөлек, қазіргі таңда, теріскейдегі тағы бірнеше мәдени ошақ қалыпқа келтірілуде. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 37 млн теңге қарастырылған.

Зәуре Нұрмұқанова – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқарма басшысының орынбасары:


– Биыл облыстан бөлінген қаржыға 4 нысан жөңделіп жатыр. Соның ішінде қазір Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қасбеті алмастырылып жатыр. Аққайың аудандық архивтің сыртын қалыпқа келтіру шаруалары аяқталуға жақын. Тамыз, қыркүйек айларында Шал ақын аудандық мәдениет үйінде әрлеу жұмыстары басталады. Мұнда шатыр және жылу жүйесі алмастырылады.

Сонымен қатар, жақын арада “Жас өркен” шағын ауданындағы айналма жолдың маңында Қожаберген жырауға арналған алып ескерткіш орнатылмақ. Қазір мамандар болашақ мүсіннің іргетасы мен негізін дайындап жатыр.

Тогжан Акмагамбетова