Қоғам

“Ювеналдық әділет” тақырыбында семинар өтті

Бүгінде жалпы білім беретін мектептерде әлеуметтік-психологиялық қызмет көрсету кабинеттері жұмыс істейді. Аталмыш қызмет мамандары тәртібі нашар, бұзық балаларды бақылауға алып, олардың ата-аналарына тиісті кеңестер береді. Қиын жеткіншектермен жұмыс істеуде жерлесіміз Ольга Вилкованың 20 жылдық еңбек өтілі бар. Әлеуметтік педагог жасөспірімдердің сеніміне кірген жағдайда, белгілі-бір іс оң нәтижесін береді дейді.

Ольга Вилкова – 9 орта мектептің әлеуметтік педагогы:


– Біздің 9-мектепте ешбір бала ұстаздың назарынан тыс қалмайды. Сабақты себепсіз босатқан оқушылардың үйлеріне барып, отбасылық жағдайларын білемін. Кәмелет жасына толмағандар маған түрлі мәселелерімен келеді. Ата-аналарға айтарым, балаларыңыз теріс қылық танытып жүрген болса, уақыт оздырмай, әлеуметтік педагогтар мен психологтарға жүгініңіз. Бірлесіп, келісіп атқарған жұмыс қашан да оң нәтижесін береді.

Бүгінде балалардың құқықтарын қорғауға маманданған органдар жетерлік. Алайда, кәмелет жасына толмағандармен тікелей жұмыс сітейтін
бірқатар құзырлы мекемелер балаларға қатысты мәселелердің барлығын білім беру саласына ысыра салатын көрінеді. Алматы облысынан келген мамандар бұл жағдайды дереу арада түзету қажеттігін айтады.

Жанар Нұрмұқанова – Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау орталығының президенті, Алматы облысы:


– Ювеналдық сот, ювеналдық полиция, ювеналдық прокуратура, әлеуметтік педагогтар, омбудсмен қызметі, жабық тәрбиелеу мекемелері өз беттерінше жұмыс істейді. Шындығында, олар бірлесіп әрекет етуі тиіс.

Алматылық мамандар қорлық көрген баланы дағдарыс жағдайынан алып шығу үшін, алдымен жасөспірімдерді қоршаған адамдардың көзқарасын өзгерту керек дейді.

Зульфия Байсакова – “Дағдарыс орталықтарының одағы” ЗТБ басқарма төрайымы:


– Біз баланың проблемасына бір жақты қарамауымыз керек. Зорлық немесе қорлық көрген жеткіншектер сол отбасына немесе мектебіне қайта оралады. Жағымсыз жағдайлар қайталанбас үшін, айналасындағылардың балаға деген көзқарасы өзгеруі керек. Сонда ғана зардап шеккендер қалыпты өмірге орала алады.

Ювеналдық полиция қызметінің мәліметінше, облыс орталығында 73 нашар отбасы есепке алынған. Аталған жанұялардағы балалар ерекше бақалуға алыныпты.

Берік Қасен