Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде көмір тапшылығы жоқ

– Өткен жылдың күзі көмір сатып алушы қазақстандықтардың есінде жақсы сақталып қалды. Дәл сол уақытта еліміздің бірнеше қаласында қара отын тапшылығы байқалған болатын. Бұл тізімге Петропавл да енді. Ал биылғы жағдай қалыпты. Темір жол тұйықтарында көмір бар. Оны тұрғындар келіп, сатып алып жатыр.


Қысқа ерте қамданып, темір жол тұйығына бүгін келгендердің бірі – Юрий Шкуратов. 73 жастағы қала тұрғынына 3 тонна Майкүбінің қоңыр көмірі қажет. Жерлесіміз тау болып үйіліп жатқан қара отынды біраз қарады. Кейін, көкейіндегі ойын жеткізді.

Иа, қажетті тауардың сапасы ғана емес, бағасы да қартты қатты қынжылтады. Биыл қара отының құны едәуір артыпты.

Юрий Шкуратов – қала тұрғыны:


– Өткен жылы көмірдің сапасы да құны да жақсы болды. 1 тонна Майкүбінің көмірін 9 мың 200 теңгеге сатып алғанбыз. Биыл отын 12 мың 100-ден саудаланып жатыр. Мұндай баға біз сияқты зейнеткерлерге үшін өте қымбат. Төмендесе екен. Бұның үстіне әлі 6 текше метр отын алу керек. Оны әкелген жүргізушіге де ақша төлеймін. Сонда 80 мыңдай қаражат жұмсаймыз.

80 мың теңге, одан жоғары болсын, амалы таусылған тұрғындар қалай болғанда да отынды сатып алады. Себебі қақаған қыста тоңып отырмау керек. Бірақ қазірдің өзінде жерлестеріміздің кейбірі қалағанын таппай жүр екен. Мәселен, Юлия Черкашинаға қарағандылық “Қара жыра” көмірі қажет. Ол осы тауар үшін сатушыларға хабарласыпты. Алайда, тұщымды жауап ала алмаған.

Юлия Черкашина – қала тұрғыны:


– 2009-шы жылдан бері “қара жыра” көміріне тапсырыс беріп келемін. Бұрындары дәл осы отын түрі жергілікті саудагерлерде болатын. Олар небәрі 1-2 күн ішінде тауарды әкеп тастайтын. Ал былтыр тапсырысты 1 ай күттік. Биыл да солай болатын сыңайлы. Өйткені, апта басында қоңырау шалып едім, әлі мұндай көмір бізде жоқ деп жауап берді.

Бірақ үрейленуге себеп жоқ. Өйткені, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы өңірде көмірдің барлық түрі сатылып жатқандығын мәлімдеді.

Айдархан Мусин – СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:


– Өңір тұрғындарына алдағы жылыту маусымында жағу үшін 384 мың тонна көмір қажет. Бүгінде солтүстікқазақстандықтар оның 107 мың тоннасын сатып алған.

Көмірдің қалаға қажетті қалған көлемі өңірге алдағы уақытта жетеді. Ал, оған дейін тұрғындар теміржол тұйықтарында барын сатып алғандары дұрыс. Өйтпеген жағдайда дәл жылыту маусымы қарсаңында көмір тапшылығы болуы да мүмкін. Ал облыстағы бюджеттік мекемелерге тоқталсақ, олар қысқы жылыту маусымына 91 пайызға дайын.

Айдархан Мусин – СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:


– Білім беру мекемелері 85, денсаулық сақтау 91, мәдениет саласы мекемелерінің 95 пайызы қысқа дайын. Жалпы, бюджеттік ұйымдарға биылғы жылы 148 мың тонна көмір қажет.

Айту керек, қазір өңіріміздегі көмір сататын орындарда қара отын 8-бен 16 мың теңгенің аралығында саудаланып жатыр.

Байболат Култанов