Қоғам

Цифрлық сауаттылықты арттыру курстары өтуде

Екі айдан астам уақыттан бері «Қазпошта», Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның қызметкерлері солтүстікқазақстандықтардың цифрлық сауаттылығын арттырып жатыр. Олар тұрғындарға компьютер мен ғаламторды пайдалануды үйретіп, өздері ұсынатын қызмет түрлерін алу амалдарын түсіндіруде.


Ермек Жакин – «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясы» КЕ АҚ СҚО бойынша филиалының HR- менеджері:


– Біз egov.kz порталы арқылы электронды қызмет түрлерін қалай алуға болатындығын үйретеміз. Орын алған жаңашылдықтарды түсіндіреміз. 2 айдан астам уақыттан бері бірталай тұрғындармен кездестік. Көбінесе оларды электронды цифрлық қолтаңбаның мерзімін ұзарту, белгілікті бір қызмет түрін өзге адам үшін алу мүмкіндіктері қызықтырады.

Сондай курстардың бірі қазір қазақ мектеп гимназиясының қабырғасында өтуде. Оған Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiнің меңгерушісі – Роза Мырзағұлова да қатысып жатыр. Мемлекеттік қызметші мұндай оқудың пайдасы зор деп отыр. Әсіресе, бұл курстар ересек жандардың заман көшіне ілесіп жүруіне септеседі.

Роза Мырзағұлова – Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмiнің меңгерушісі:


– Бұрындары мен мекен-жай анықтамасын алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барып, ұзын-сонар кезек күтіп шаршайтынмын. Осы курстардан бұл қызметті үйде отырып-ақ алуға болатындығын біліп, тапсырыс беріп үйрендім. Жалпы тек осы анықтаманы ғана емес, басқа да көптеген қызмет түрлерін интернеттің көмегімен алуға болады екен.

Аталмыш оқыту курстарымен 20 мың солтүстікқазақстандықты қамту көзделген. Бүгіндері солардың 11 мыңы цифрлық сауаттылықтарын арттырған.

Азамат Байтеміров – СҚО әкімі аппаратының бөлім басшысы:

 


– «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында қолға алынған бұл шара қарапайым тұрғындарды оқытуға бағытталған. Өйткені, өмір бір орында тұрған жоқ. Заман ағымына сай, қазір түрлі құрылғылар мен қызмет түрлері пайда болуда. Ал оны халық біле бермейді. Сондықтан осы жоба қолға алынып отыр. Мұнда келушілер 4 модуль бойынша білім алады. Ең алдымен, тұрғындарды компьютер мен смартфонды қолдануға үйретеміз. Тағы электронды қызметтер мен ашық үкімет порталында жұмыс істеу тәртібі түсіндіріледі.

Электронды сауда жасаудың қыр-сырын да осы жерде меңгеруге болады. Мұндай курстарға 16-дан 70 жасқа дейінгі жандар қатысып жатыр. Бұл шара аудандарды да қамтыған. Ол үшін курстарға дейін 26 жаттықтырушы арнайы оқудан өткен екен.

Мағжан Ахмадина