Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл Петропавлда 110 аулаішілік жол жөнделеді

Абай көшесі, 34 мекен жайында орналасқан үй алдында таңсәріден қарбалас. Мұнда мамандар асфальт төсеп жатыр. Бұл істі көпқабатты нысан тұрғындары өздері тындыра алмасы анық. Сол себепті, жерлестеріміз қала басшылығына жүгінген екен.


Наталья Гольченко – “Абая, 34” ПИК төрайымы:


– Ақпанның 9-ы күні әкімдікке ауламызға асфальт төсеп беруді сұрап бардық. Ол жерде бізге мұндай іс жазда, маусым айының соңында жүргізілетіндігін айтты. Мамандар жоспарланған уақыттан бұрын келіп, шаруаға кірісіп кетті.

Ал, бұрындары Абай көшесі, 88 мекен жайы бойынша орналасқан үйдің ауласындағы жолдың сапасы өте нашар болған екен. Қазір мұнда да жаңа асфальт төселіп жатыр. Іске 10-ға тарта адам жұмылдырылған. Олар аулаішілік жолдарды ғана емес, подъезге кіре берісті де қалыпқа келтіруде.

Негізі, Абай көшесі, 88 мекен жайы үстіміздегі жылғы аулаішілік жолдарды абаттандыру бағдарламасына енгізіліпті. Айта кетейік, бұл үйде 300-ден астам пәтер бар. Оларда мыңнан астам адам тұрады.

Нина Спичукова – «Достық» ПИК төрайымы:


– Биыл әкімнің есептік кездесуінде ауламыздың жағдайы жайлы айттық. Бұйымтайымызға қала басшылығы назар аударып, бүгінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл іске тұрғындардың бәрі дән риза.

Тағы қаламыздағы Мир көшесі бойындағы 345 және 347-ші үйлердің аулалары 30 жылдан артық жөндеу көрмепті. Бұрындары бұл жерден көлік өтпек түгіл, жаяу жүргіншілердің қатынауы бір мұң болған еке. Ал, биыл бұл маң қалыпқа келтірілген.

Анатолий Плешечников – Мир 345 ПИК төрайымы:


– Қала әкімінің халық алдындағы есептік кездесуінде біз аулаға асфальт төсеу қажет екенін, балалар алаңқайы мен тротуар салып беруді сұраған болатынбыз. Өтінішіміз орындалды. Ойын алаңқайы орнатылды, енді жаңа жол төселіп жатыр.

Жалпы, биыл облыс орталығындағы жалпы саны 110 аулаға жаңа асфальт төселеді. Іске қалалық қазынадан 500 млн теңге бөлінген.

Аян Қасымов – Петропавл қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлiмiнiң сектор инспекторы:


– Аулаішілік жолдарды жөндеу үшін қалалық әкімдік Казфортис серіктестігімен келісімге келді. Бүгінгі күні аталған компания 70-ке тарта аумақта жұмыс жүргізді. Нақтырақ айтар болсақ, мамандар 801 шаршы метр жерді қалыпқа келтірді.

Енді, 40-тан астам аулаішілік жол қалыпқа келтірілмек. Бұл іс қазан айына дейін аяқталмақ.

Байболат Култанов