Қоғам

Шал Ақын ауданының құрылғанына 90 жыл

–  Бұл жерде ақын да, күміс көмей әнші де, жазушы мен ғалым да туылды. Тіпті ғарышкердің өзі де дүниеге келді. Бұл қасиетті Шал ақын ауданы. Аталған аудан бүгін өзінің 90 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтіп жатыр. Мереке Ақанбарақ ауылының іргесінде бастау алды.

Торқалы тойға орай елді мекеннің сыртында ақшаңқай киіз үйлер тігілді. Алтыбақан құрылып, қазанға ет салынды. Осы жерде жүрген жұрт мәре-сәре. Олар думанды бастап кеткен. Көп кешікпей кезек шараның ресми бөліміне де келді. Алдымен жиналғандарды облыс әкімінің атынан орынбасары Асқар Сақыпкереев ауданның 90 жылдың мерейтойымен құттықтады.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:


–  Ерке есілдің бойында орналасқан Шал ақын ауданының құрылуына, дамуына көптеген адам еңбек сіңірді. Міне, сол кісілердің арқасында бұл өлкені барша жұрт жақсы біледі. Ауданда мал шаруашылығы, егіншілік жақсы дамыған. Осы бағыттан таймаңыздар. Тек биік белестерден көріне берулеріңізге тілестікпін.

Бұдан соң, Асқар Сақыпкереев ауданның даму жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандарға өңір басшысының құрмет грамоталарын табыс етті. Мұндай құрметке бөленгендердің арасында “Дүйсеке Жер” ЖШС директоры Ерболат Сахатов та бар. Азамат егіншілікпен айналысады. Биыл ол 3 мың гектар алқапқа дән сеуіпті. Шаруа алқаптарды әртараптандыру ісіне ерекше мән береді екен. Соның арқасында қамбасы жылда астыққа лық толады.

Ерболат Сахатов – “Дүйсеке Жер” ЖШС директоры, Шал ақын ауданы:


–  Биыл біз алқаптардың 70 пайызына майлы дақылдарды ектік. Былтыр жақсы егін алдық. Гектар берекелігі 20 центнерді құрады.

Сонымен қатар, бір топ шалақындық азамат аудан әкімінің құрмет грамоталарына ие болды.

Кейін, жиналған жұртшылықты мерейтоймен аудан әкімі Нұрлан Есімов құттықтады.

Нұрлан Есімов – Шал ақын ауданының әкімі:


–  Аудан тұрғындарының саны 18 мыңнан асады. Мал шаруашылығы мен шағын бизнес табысты дамуда. Біздің ауданда одан әрі үдемелі дамуға үлкен мүмкіндіктер бар.

Бұл салтанатты шараға талай жыл Шал ақын ауданында еңбек еткен қазыналы қарттар да қатысып отыр. Солардың бірі 71 жастағы Манабай Ұмытбаев. Жерлесіміз еңбек жолын 50 жылдық ауылында тракторшыдан бастапты. Кейін, Ыбраев совхозы директорының лауазымына дейін көтерілген екен.

Манабай Ұмытбаев – Шал ақын ауданының Құрметті азаматы:


–  Жұмыс істеу өте қызы болды. Біз бөлінгеміз жоқ. Халықтың бірлігінің арқасында жақсы нәтижеге қол жеткіздік.

Ұланасыр той көркін жергілікті әртістер және облыстық филармонияның өнерпаздары қыздарды. Олар құлақтың құрышын қандырар ән айтты, мың бұрала би биледі.

Осы сәтте палуандар күресі басталды. Қазір ортада 70 келі салмақтағы
шалақындық Асқар Мұқан мен петропавлдық Арман Аманжол күш сынасып жатыр. Қос споршы толық 5 минут бойы күресті. Белдесу барысында Ақбарақ ауылының намысын қорғаған Асқар жамбас және бүк ұпайын көбірек еншілеп қарсыласынан басым түсті.

Асқар Мұқан – жарысқа қатысушы, Шал ақын ауданы:


–  Жаңа ғана бірінші кездесу өткіздім. Бұнымен тоқтап қалмаймын. Тағы да жеңіске жетуге тырысамын.

Ал, мына жерде волейболдан сайыс өтіп жатыр. Жарысқа ауылдық округтерден жиналған командалар қатысып, өзара мықты ұжымды анықтады.

Тойдың көркін тұяғымен топырақ төңкерген тұлпар мен жалға жабысқан балалар келтірді. Алдымен 3 шақырымдық ат жарысы өтті. Кейін, сәйгіліктердің басқа тобы 5 шақырымға шапты. Бұл дүбірлі дода арғымақ десе ішкен асын жерге қоятын көрерменнің делебесін қоздырды. Бәйге соңында Фоварит атты жылқыны тізгіндеген тайыншалық Роман Ковалёв
суырылып алға шығып, көмбеге бірінші келді.

Роман Ковалёв – атбегі, Тайынша ауданы:

 


–  Фоварит 5 жаста. Сәйгүлігім өте төзімді. Алыс қашықтықтарға жақсы шабады. Осы жарыстан соң Аламан бәйгеге қосамыз. Осыған дейін де бұл жануармен бірнеше сайыста жеңіске жеттім.

Бұдан бөлек мерекеде үздік механизаторлардың да сайысы ұйымдастырылды. Олар трактормен түрлі кедергілерден тұратын жолдан өтті. Осы жерде жиналғандар ат әбзелдері сатылған жәрмеңкені де тамашалады. Онда көздің жауын алатын қазақы ер тоқымдар, жүген мен ноқта сынды дүниелер саудаланды. Кейін, тойшы қауымның бір бөлігі би билеп, көңіл көтерді.

Байболат  Култанов