Білім

Мемлекеттік грант иегерлері анықталды

Дарина Науқанова – түлек:

-Бүгін мен үшін өте қуанышты күн. Себебі мен мемлекеттік білім грантының иегері атандым. Бала кезгі арманым-дәрігер болу.Енді мен Қарағанды қаласындағы медицина академиясының студентімін.Бүгінше менің басты мақсатым оқуымды жақсыға аяқтап, білікті маман атану. Енді ана-анамның үмітін ақтау үшін бар күшімді саламын.

Жалпы Қазақстан бойынша биыл жоғарғы оқу орындарына түсушілерге 32 168 мемлекеттік грант бөлініпті. Оның көп бөлігі техникалық және педагогика саласына берілген. Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ-не биыл түскен 416 талапкер осылайша, аталмыш оқу ордасында тегін білім алмақ. Айта кету керек, Солтүстік өңіріндегі бұл ЖОО қазіргі таңда 50-ге тарта маман иесін оқытып шығарады.

Гүлмира Оспанова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

-Биылдыққа біздің университет 416 гранттың иесі атанды. Бұл педагогикалық, техникалық мамандықтар бойынша гранттар биыл көп. Біздің студенттерге арналған жатахананың құны 22 мың теңге. Сондай-ақ, университетте ректор атындағы, М.Қозыбаев атындағы гранттар мен стипендиялар бар.

Грант иегерлерінің ресми тізімінде атын таба алмаған түлектер енді тамыз айының 25-не дейін ақылы бөлімге құжаттарын тапсыра алады. Бүгінде 100-ден аса талапкер СҚМУ-нің коммерциялық бөліміне өткен. Жалпы бұл оқу ордасы биыл 1500-ден аса студент қабылдауды жоспарлап отыр.

 

Айгерим Ержанова