Көлік және жолдар

Тайыншада жолдар жөнделуде

Саят Ермек – тілші:


– Бұл Тайынша қаласы мен Чкалов ауылын байланыстыратын тас жол. Оның бойында он шақты елді-мекен орналасқан, ал ұзындығы шамамен 70 шақырымды құрайды. Салынғалы бері жөндеу көрмеген жолды қалпына келтіру жұмыстары осыдан 2 жыл бұрын басталған. Қазір оның басым бөлігінде мынадай тақтайдай тегіс асфальт төселіп тұр.

Мердігер “Қостанай жолдары” серіктестігі 2016 жылы трассаның 12, ал былтыр 14 шақырымын қалыпқа келтірген. Үстіміздегі жылдың қазан айына дейін тағы 8 км-лік учаскеге асфальт төсеу жоспарланған. Бұл мақсатқа шамамен 1 млрд-тай қаржы бөлініпті. Жоспарланған жұмыстың әзірге 70 пайызы тәмам.

Самат Жүнісов – “Қостанай жолдары” ЖШС прорабы:


– Қазір учаскеде 70 адам мен 34 бірлік техника жұмыс істеуде. Асфальтті суық ресайклинг әдісімен төсеп жатырмыз.

Бірақ, жолдың сапасы сын көтерерлік пе? Бұл сұрақ әзірге ашық тұр. Себебі, осыдан бірнеше апта бұрын облыс әкімі Құмар Ақсақалов “Қостанай жолдарының” дәл осы аудандағы жұмысын сынға алған болатын. Серіктестіктің КТ-68 учаскесіне төсеген асфальті бір жылдың ішінде жарылып, шұрық-тесік болып қалса керек. Алайда, бұл жолы мердігер бәрі ойдағыдай болады деп сендіріп отыр.

Самат Жүнісов – “Қостанай жолдары” ЖШС прорабы:

– 5 жылға кепілдік беріп отырмыз. Осы уақыт аралығында жолдың сапасы сыр берсе, шаруаны өз қаражатымызға қайтадан атқаратын боламыз.

Жөндеу толығымен 2020 жылы аяқталуы тиіс. Бұған қарамастан, жолдың қазіргі жағдайына ауылдағы ағайын дән риза. Бұл түйткілді олар аудан әкімінің есептік кездесулерінде талай рет көтерген екен. Бұйымтай жерде қалмады.

Станислав Люблинский – Донецкое ауылының тұрғыны, Тайынша ауданы:

– Жол жағдайының мүшкіл болғаны соншалық, өзім тұратын Донецкое ауылынан Тайыншаға дейінгі 20 шақырымды 40-45 минутта еңсеретінмін. Жаңа асфальт төсеген соң, діттеген жерге 20 минутта жететін болдым. Әкімге рахметімді айтамын.

Тайынша ауданындағы жолдардың жалпы ұзындығы бір мың бір жүз шақырымнан асады. Олардың бір бөлігі биыл орташа және күрделі жөндеу көрмек.

Николай Трифонов – Тайынша ауданы әкімінің орынбасары:


– Аудан арқылы өтетін республикалық трассалардың ұзындығы 144 шақырымды құрайды. Тағы біз арқылы облыстық маңызға ие жолдардың 280 км-і өтеді. Қазір Көкшетау-Омбы трассасының Тайынша ауданы арқылы өтетін учаскесінде орташа жөндеу жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ Келлеровка мен Озерное елді мекендерін байланыстыратын жол да қалыпқа келтіріледі.

2018 жылы Тайыншадағы трассалардың жағдайын жақсартуға облыс және аудан қазынасынан 3,9 млрд теңге бөлініпті. Құйылған қаржыға шамамен 140 шақырымдай жолды жөндеу көзделген.


 

Саят Ермек