Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Жамбыл ауданына барды

Жамбыл ауданында 2017 жылдан бері ресейлік ірі инвестор “Август Қазақстан” ЖШС жұмыс істеп келеді. Олар құлдырағалы тұрған “Ақ-жер 2010” компаниясын сатып алып, шаруашылықты жаңғыртуға 2,5 млрд. теңгеден астам қаржы құйған. Бірлестік негізінен майлы тұқымдастарды өсіруге басымдық береді. Мәселен, рапс егілген алққаптың бір гектарынан мұнда үш тоннаға дейін өнім жинап алу көзделген. Бұл дақылды баптауға кеткен шығын 3 еселеп қайтарылуы тиіс.

Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі:


– Шамамен майлы дақылдардың бір гектарынан жиналған өнімнен 300 мың теңгеге дейін табыс табу болады. Ал, бидайдың гектарынан 20 центнердей түсім түскеннің өзінде 80-85 мың теңгедей ғана шығады.

Тыңайтқыштар, арамшөп пен зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу, технологияларды сақтау. Облыс әкімі ауа райын болжай алмасақ та, осы жағына басымдық беру керек деп есептейді. Ол үшін тегеурінді техника жеткілікті. Барлығы серіктестің иелігінде 13 мың га жер болса, соның 5 мыңы тыңайған алқаптар. Диқандар ауыл шаруашылығы дақылдарының 7 түрін өсіреді.
Инвестор машина-трактор паркін жаңартуға да қыруар қаржы бөледі. Мысалы мына шынжыртабан Джон Дирді сатып алуға 400 мың доллар жұмсалған. Шаруашылықта мұндай озық трактордың екі данасы бар. Әзірге, Қазақстан бойынша мұндай техника ешкімде жоқ.

Инвестордың бұл ісін қолдаған облыс әкімі құйылған қаржы өз нәтижесін көп ұзамай береді деп отыр. Ал ескірген техникамен алысқа ұзай алмайсың. Сондықтан, өзгелері бұлардан үлгі алып, ауыл шаруашылығы машиналарын жаңартуы тиіс.

Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі:


– Бұл – тракторлардың жаңа буыны. Компаниялар оларды сатып алып, біздің өңірдің ауыл шаруашылығы саласына ендіруі тиіс. Өйткені, заманауи, қуатты техника көп болса өнім де сапалы, мол болады.

Бұдан бөлек, жұмысты цифрландыру үрдісі де ұмыт қалмаған. Мәселен, себу кешендері техниканың жүрген жерін көрсететін құрылғылардан бөлек, тұқым себуді реттейтін бағдарламамен де қамтылған.

Дәл осы маңайда Баян аялының тұрғыны Бағдат Ахметжанов бұрынғы мал базасын қалпына келтіріп жатыр. Оның орнында жылқы фермасы пайда болмақ. Қазір 56 бас қамбар ата төлдерін баптап отырған ауыл тұрғыны алда мал санын арттырып, қымыз сауып, жылқы етіп сатпақшы. Құрылыс жұмыстарын өз қаржысына бастаған фермер орайы келгенде арзандатылған несие алуға септесуді сұрады.

Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі:


– Шаруаның несиелік арызын тексеріп, қандай шешім қабылданғанын анықтаңыздар. Ауыл еңбеккерлері несие алып, кәсібімді дөңгелетемін десе, көмектесуіміз керек. Қазір мемлекеттік қолдаудың алуан түрі бар. Мұндай шағын фермалар әр ауылда болуы тиіс. Бұл – ауыл халқының күнкөріс көзі, жұмыс орны.

Ал мынау – «Ақ-жер 2010» компаниясының тәжірибелік жерлері. Құмар Ақсақалов осы жерде аудан аграрийлерімен кездесті. Шаруашылық басшылары алдағы өнім туралы болжам жасауға әлі ерте дейді. Алайда, қазірдің өзінде, «Шатило и К» компаниясы рапс алқабынан жарытып өнім алмайтынын біліп отыр. Өсімдіктерді қырыққабат күйесі жотап кеткен. Әсіресе, асыл тұқымды өнім бұл жәндікке төтеп бере аламайды екен. Сондықтан, жиында гибридтерге көшіп, майлы дақылдардың тұқымын жаңарту жайы кеңінен қозғалды. Оның үстіне Германия, Канада мен Ресейден тасымай, тұқымды өзімізде дайындайтын кез жетті.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Республика бойынша майлы дақылдарды өсіру бойынша алда келеміз. Бірақ жеке тұқым қорымыз жоқ. Бұл дұрыс емес. Осы жағын қолға алу керек. Жақсы тұқым болу керек, жақсы жер береміз, қаржы табамыз. Осы саланы дамытуға мән беруіміз керек.

Облыс әкімі ораққа дайындық барысын да сұрастырды. Техниканы сайлып, оның жанар-жағармайын да қамдап қойған дұрыс.

Қайрат Омаров, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Мемлекеттік квота бойынша 75 мың тонна қарастырылған. Өткен жылы 72 мың тоннаға тапсырыс берсек, биыл көбірек. Ал бағасына келер болсақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін литрі 172 теңгеден аспайды.

Жергілікті тұрғындарды ауылдағы тозған жолдар, таза ауыз су жайы, ұялы телефон байланысы да алаңдатады. Бұл мәселер Айтуар ауылында өткен жиында көтерілді. Аудан әкімі Иван Турков өңір жетекшісінің былтырғы сапарында берілген тапсырмалардың қалайша орындалғанына тоқталды. Осы уақыт аралығында 15 мәселенің 9-ы біржақты етілген. Соның бірі – жалақыны өсіру тапсырмасы.

Иван Турков, Жамбыл ауданының әкімі:


– 2018 жылдың 2-ші тоқсанында жұмысшылардың орташа жалақысы 96072 теңгені құрады. Өткен тоқсанмен салыстырғанда өсім 14,1 пайызды құрады. Осыған дейін олар 84,206 теңгеден алып келген болатын. Шынайы жалақы индексі бірақ, өткен жылмен салыстырғанда 112,7 пайызды құрады. Аздап төмендеу бар.

Бірақ, архангелька ауылдық округінде бір тұрғын ғана өз ісін дамыту мақсатында несие алған. Ауданда мал басын арттыру тапсырмасы да тиісті деңгейде орындалмапты. Бүгінде мал шалуашылығымен тек 11 агроқұрылым айналысып келеді.

Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі:

– Атамекен агро серіктестігі әлі күнге мал шарашылығына ден қойған жоқ. Өңірге келген Август Қазақстан компаниясы да келер жылдан мал өсіруі тиіс. Өйткені, аудан бойынша жалпы ішкі өнім көлемі облыстық көрсеткіштен төмен. Яғни өсім көрсеткіші, облыспен салыстырғанда баяу.

Ауданға құйылған инвестиция көлемі мардымсыз. Жерді жөнді пайдалана алмай отырған аграрийлердің алқаптарын мемлекет меншігіне қайтару ісі де ақсап тұр. Бақша дақылдарын өсіру кенжелеп қалса, омарташылыққа ден қойғандар жоқтың қасы.

Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі:

– Көкеніс өсірумен айналысатын шаруашылықтар гектарынан 5 жарым млн теңге табыс алып жатыр. Жер бар. Бау-бақша шаруашылығына жергілікті өзен-көлдердің суын пайдалануға болады. Бұл ерінбейтін адамның ісі. Аудан әкімі шаруаны ұйымдастыруда өз көмегін көрсетуі тиіс.

Ауылдықтар сұраған таза ауыз су мәселесі бойынша жақында геологтар тіршілік көзінен сынамалар алыпты. Судың сапасы жақсы болса, құбыр тарту жұмыстарын бастаймыз деді облыс әкімі.
Бұдан соң облыс әкімі ауылдағы мектептің жанынан ашылған «Рухани жангыру» музейін аралады.

Ал мынау – кәсіпкер Арман Қасымғожиннің мүйізділері. Оның мал шаруашылығына ден қойғанынан 4 жылдың жүзі. Өз ісін 300 ірі қарадан бастаған ауыл тұрғыны қазір 800-ін баптап отыр.

Арман Қасымғожин, «Алисарай» ЖК басшысы, Жамбыл ауданы:

– Аудан әкімшілігі бізге жер берді, негізінен жайылымдық жерлер. Қысқа жем-шөпті өзіміз әзірлейміз. Мал басы жылдан-жылға көбейіп келеді. Аналық сиырларды мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Бұзауларды күту үшін фермер оларды ауыл тұрғындарына да беретін көрінеді.
Ал «Атамекен-агро» ЖШС-де өңір жетекшісіне цифрландыру бағыныдағы жұмыстар туралы айтылды. Қазір мұндағылар «Автограф» и «Агрострим» бағдарламаларымен жұмыс істеп жатыр. Бірінші кезекте, озық технологиялар қаржы үнемдеуге мүмкіндік берсе, екіншіден жұмыс сапасы мен өнімділікке әсер етуде. «Екпін 2002» ЖШС-нің басшылығы болса, Жанбай көлінің маңында сауықтыру орнын ашуды көздеп отыр. Сондықтан, облыс әкіміне осы жерге дейін 5 шақырым электр желісін тартуда көмек сұрап отыр. Жәрдем берілетін болды. Дәл осындай балшықпен емдеу орны мен туризмді Мамлют ауданындағы Меңкесер көлінің жағасында ұйымдастыруға болады.

Үстіміздегі жылы Айымжан ауылына оңтүстіктен 4 отбасы келіп қоныстанған. Закир Фулин келер жылдан мұнда өсімдік шаруашылығымен мықтап айналыспақшы. Ал қазір бар құжаттарын реттеп жатыр. Окруште ара шаруашылығына деп қойғандар бар. Ауылдың жаңа тұрғындары бұл істің қыр-сырын жергілікті кәсіпкер Жаксыбай Ерімовтан үйрене алады.

Жақсыбай Ерімов, «Еримов Ж.К» ЖК басшысы, Жамбыл ауданы:

– Банктен 6 пайызбен қарыз алдым. Несиенің шарттары өз кәсібімді домалатуға өте тиімді. Аралардың 12 жанұясы бар. Әзірге, балды алыс жаққа бармай-ақ осы маңнан жинап жатырмыз. Өйткені, өлкемізде гүлдің түр-түрі бар әрі жеткілікті көлемде.

Ал, мына алқаптар осыған дейін ұзақ уақыт бойы қолданылмай жатқан екен. Көктемде Пресновка ауылының тұрғыны Иван Волков 12 га жерді жыртып, «Гала» картобын отырғызған.

Иван Волков, Пресновка ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:

– Негізі кеңес алу мақсатымен жүгінген ауыл шаруашылығы институттары бізге картпотың 2 сұрпын егуге болатынын айтты. «Гала» – картоптың ақ боп келетін түрі, ал «Рамона» – қызылы. «Гала»-ны таңдаған себебіміз, ол қыстыгүні жақсы сақталады.

Аудан орталығының тұрғыны жақсы өнім алудан үмітті. Картоптың бір бөлігін тұқымдыққа сақтаса, артылғанын ауылдықтарға сатпақшы. Осылайша, келер жылы көкеніс отырғызатын аумақты арттыруды көздейді. Облыс әкімі мұндай бау-бақшы шаруашылығына ден қойятындар көп болуы керек дейді.