Қоғам

Мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы электронды форматта көрсетіледі

Өңірде қылмыстар саны азайғанымен, мемлекеттік қызметшілер тарапынан заңбұзушылыққа жол беру фактілері кемімепті. Өткен жылдың алты айымен салыстырғанда биылғы көрсеткіштер керісінше 2,6 пайызға өсіп кеткен. Ал мемлекеттік аппарат өкілдеріне қатысты қылмыстық істер тіптен 7 есеге артыпты. Жалпы биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мамандары 68 қылмысты анықтаған.

Нығмеджан Сапаров – ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның СҚО бойынша департаментінің басшысы:


–  Бұл істердің жартысы, яғни 34-і ауыр қылмыстар санатына жатады. Сыбайлас жемқорлықтың 21 фактісі анықталды. Оның 11-і лауазымдарын асыра пайдалану болса, 7-і жағдайда мемлекеттік қызметшілер бюджеттік қаржыны жымқырған. Қызмет бабында жалғандықтың – 4, қылмыстық жолмен тапқан мүлікті рәсімдеудің 2 фактісі анықталды. 19 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың 7-уі басшылар. Соның ішінде 3-уі облыстық, 2-уі қалалық және ауыл және аудандық деңгейдегі мекемелердің жетекшілері жазаға тартылды.

Бүгіндері ұрланған қаржының 217 млн. теңгесі бюджетке қайтарылыпты. Пысықай мемлекеттік қызметшілерге негізінен алаяқтық, қазына қаржысын жымқырды деген айыптар тағылады. Алайда кейде олар жалғыздың үні шықпас демекші, арам ойларын топ болып іске асырудан тайынбайды. Сөйткен Петропавл қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілердің ісі қазір сотта қарастырылып жатыр.

Нығмеджан Сапаров – ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюроның СҚО бойынша департаментінің басшысы:


–  Бір топ адам алдын-ала келісу арқылы бюджеттік қаржыны жымқырудың арнайы схемасын құрастырған. Олардың заңсыз әрекеттері іске асып, пысықайлар 222 млн. теңгені алып үлгерген. Қазір соманың 204 млн теңгесі қайтарылды.

Заңды белшесінен басқандарды әдеп жөніндегі кеңес мүшелері де біраз “сабап” алады. Бірақ кейбіріне бұл сабақ болмайтын сыңайлы.

Елена Степаненко – ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс -қимыл жөніндегі агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы:

 

– Облысымыздың мемлекеттік қызметшілеріне 425 тәртіптік жаза тағайындалды. Ол өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 28 пайызға төмен. Мемлекеттік қызметке кір келтірген 10, әдеп жөніндегі кодексті бұзғаны үшін – 11, қызметтік тәртіпке – 21 мемлекеттік қызметші тартылды. Тағы 381 маман өзге заңдар бойынша жазаланған.

Заңбұзушылық жасаған мемлекеттік қызметшілерді анықтауға тұрғындар да көмектеседі екен. Сөйткен 3 солтүстікқазақстандық ақшалай сыйақыларын алған. Мақтанарлық тұстар да жетерлік. Өңіріміз қызметтерді электронды түрде көрсету бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізген. Бүгіндері мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы нақ осындай форматта берілетін көрінеді. Шенеуніктер білім алып, біліктілігін шыңдауға да ерекше мән береді. Солтүстікқазақстандық мемелкеттік қызметшілердің арасында 18 – і мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. Тағы өңірдегі мемлекеттік мекемелерде «Болашақ» степендиясының 10 түлегі жұмыс істеп жатыр.

Мағжан Ахмадина