Қоғам

2-тамыз – Әуе-дестанттық әскерлерінің күні

Бастарында аспан түстес берет, ал үстерінде жолақ жейде. Бұл жігіттер әр жылдары әуе-десанттық әскерлерде Отан алдындағы борыштарын өтеген. Бүгін, облыстық десантшылар одағының мүшелері өздерінің төл мерекелерінде бас қосып отыр.

Виталий Пенкин – СҚО “Десантшылар Одағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

– Әуе десанттық әскерлерде қызмет ету әр азамат үшін үлкен мәртебе. Олар мұны мақтан тұтады. Ең ауыр, ең қиын жауынгерлік міндеттерді абыроймен орындау – десантшылардың мойынында. Бүгінде біздің одақ құрамына теріскей бойынша 100-ге жуық саңлақ кіреді.

Құттықтау сөздерінен соң, десантшылардың ізбасарлары, жергілікті “Саланг” әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері мереке иелерін шымырлықтарымен тәнті етті.

Әуе-десанттық әскерлер 1930 жылы құрылған. Осыдан тура 88 жыл бұрын ержүрек 12 саңлақ ТБ-3 әуе бомбалаушысынан парашютпен секіріп, аталмыш элиталық әскердің жасақталуына себепші болған.

Игорь Гамов – “ҚР Ауған соғысы ардагерлерiнің одағы” ҚБ СҚО бойынша төрағасы:

– Барлық бауырларымды төл мерекемізбен құттықтаймын. Азаматтық міндетін десанттық әскерлерде өтеген жандардың әрқайсысына зор денсаулық, отбасы амандығын тілеймін.

Бұл күні көгілдір береттілер Ұлы Отан соғысында от кешкен жауынгер аға-аталарын да назардан тыс қалдырмады. Десантшылар мәңгілік алауды гүл шоқтарымен көмкерді. Сондай-ақ, Ауған жерінде қаза болған жерлестерімізді еске алу үшін олар интернационал-жауынгерлерге арналған мемориалға да келді. Виктор Насонов Ауғандағы қырғи-қабақ соғысқа қатысқан теріскейлік десантшылардың бірі. Гвардия майоры, ардагер мерекені тойлауға немересін ертіп келіпті.

Виктор Насонов – Әуе-десанттық әскерлердің ардагері:

– Өмірімнің 20 жылын әуе-десанттық әскерлерге арнадым. 825 рет парашюттен секірдім. Алғашқы секіргенім әлі күнге дейін есімде. Қорықпаған едім, ал екінші рет қарғығанда жүрегім кеудемнен шығып кете жаздады.

Мейрамға орай, Солтүстік Қазақстан облыстық десантшылар одағының бірқатар мүшесіне медальдар мен ордендер табысталды.

Бұдан соң десантшылар, дәстүрге сай, Петропавлдағы “Сәбилер үйіне” бас сұқты. Көгілдір береттілер ата-ана қарауынсыз қалған балғындарға өз базарлықтарын тарту етті. Сыйлықтарын арқалап Отан қорғаушылар Соколовкадағы балалар үйіне де жол тартты.

Саят Ермек