Қоғам

Петропавлда кезекті рейд шарасы өткізілуде

Копай ауданындағы мына жер үйдің иесін полицейлер жергілікті “Плюшкин” деп атап кеткен. Өйткені, ол баспанасының маңына түрлі күл-қоқысты жинауға әуес. Кезекті рейдке шыққан тәртіп сақшылары бұл жолы петропавлдыққа ескерту жасады. Егер, азамат белгіленген мерзімде үйінің айналасын жинамаса, оған шамамен 50 мың теңге айыппұл салынады. Бұдан бөлек, қаладағы кез-келген мекеме, ойын-сауық орталығы мен дүкендердің маңайы таза, ұқыпты және абаттандырылған болуы шарт. Бұл талаптарға құлақ салмаған ұйым жетекшілеріне де алдымен, ескерту жасалады. Жағдай өзгермесе, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. Мәселен, заңға бағынбайтын шағын бизнес иелеріне – 72 мың теңге, ал ірі кәсіпорындарға 96 мың теңге айыппұл қарастырылған. Шахардағы өңі кеткен нысандардың бірі – Заводская көшесіндегі “Удача” дүкені. Нысанның қожайынына қасбетті ретке келтіріп, тот басып қалған маңдайша атауын жаңарту керектігі ескертілді.

Мереке Рашев – Петропавл қ.ІІБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы:

– Қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелерде тексеру жұмыстары жүргізіледі. Ондағы ғимараттарға, оған іргелес жатқан аумақтарға тексерістер өткізіледі. Жеке және заңды тұлғалар да тексеріледі. Барлығы жыл басынан бері ҚР әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 505-бабы бойынша абаттандыру қағидаларының 5826 бұзушылығы анықталған.

Жеміс-жидек, көкөніс, сүт пен ірімшік сынды азық-түлікті белгіленбеген орындарда саудалайтын жандар да қала көркін бұзады. Бірақ, ескертулерге қарамастан, жол жиектерін, үй аулаларын базарға арналдыратындар азаяр емес. Осы орайда, полицейлер рейдтік шара аясында дала саудагерлерінің арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Мереке Рашев – Петропавл қ.ІІБ ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы:


– Ағымдағы жылдың басынан Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 204-бабы бойынша белгіленбеген орындарда сауда жасаудың 1116 фактісінің жолы кесілді.

Мұндай рейдтер алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырылмақ.

Тогжан Акмагамбетова