Мәдениет

Петропавлдық жазушы Динара Мұқышеваның қос кітабы таныстырылды

52 жастағы Динара Мұқышева қалалық ІІБ азаматтық қызметшісі. Нәзік жанды 2007 жылдан жазушылыққа ден қойып, қолы босағанда әңгіме жазады екен. Алайда, оның еңбектері бұған дейін басылып көрген емес. Ал, биыл қаламгер қос бірдей кітапты жарыққа шығарды. Соның бірі – “Боль” драмасы. Шығарма ер жігіттің қиындық пен қыспаққа толы тағдырын суреттейді. Жерлесіміз бұл туындыны бірде көрген түсінің желісі бойынша қағаз бетіне түсірген. Ал, “Страна черепашия” туындысы тасбақалар жайлы әсерлі әңгімелерден тұрады. Жерлесіміз бұл жинағын кішкентай оқырмандарға арнап жазған. Ертегілер желісіне Динараның өз қыздарының балалық шағы арқау болыпты.

Динара Мұқышева – жазушы:


– Алдағы уақытта “Боль” және “Страна черепашия” атты кітаптарымның 2-ші бөлімдерін шығармақ ниеттемін. Сондай-ақ, менде 3 бірдей ауқымды драма мен пьесаның материалдары дайын тұр. Ол да жақын арада оқырман қауымға жол тартады.

Сиясы кеппеген кітаптардың тұсау кесеріне жазушының туған-туыстары мен жора-жолдастары жиналды. Олар аталған туындыларды оқып үлгеріпті. Енді Динараның қаламынан туған шығармалардың жалғасын күтеміз дейді.

Бейнегүл Оралбаева – Динара Мұқышеваның туысы:

– Маған бұл кітаптар өте қызықты. Өйткені, мен мына кісіні тек қана жақсы жағынан танимын. Динараның өнерлі екенін білетінмін, бірақ мен оны жазушылық қырынан бүгін ғана танып отырмын.

Әсемгүл Көшенова – Динара Мұқышеваның қызы:


–  Анам бұл туындыларды шығаруға батылы жетпей жүрген. Ол әңгімелерді өзі үшін жазатын. Бірақ, біз кітаптардың жарық көруіне қол ұшымызды бердік.

Қос туынды 20 дана тиражбен басылып шыққан екен. Олардың бірқатары жазушының қуанышын бөлісуге келген жұртшылыққа табысталды.

Тогжан Акмагамбетова