Қоғам

Петропавлда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автомектеп ашылады

Мүмкіндігі шектеулі жандар аяқ-қолы сау адамдармен қатарласып, көлік тізгіндегісі келеді. Дегенмен, біздің елде оларға бұл үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Көптің арманын жүзеге асыруға құлшына кіріскен Сәлімхан Сәбитов маусым айының басында жарым жандарға арналған автомектептің жобасын Алматы қаласында қорғап қайтты.


Сәлімхан Сәбитов – “Қоғамдық келісім” КММ жетекші сарапшысы:


– Қазақстанда осындай жоба әлі бір рет те қолға алынбаған. Қазіргі күнде тың идея қаламызда да алғаш рет іске аспақшы. Біздің жоба “Равная дорога” деп аталады. Басты мақсатымыз – жүргізуші куәлігін ала алмай отырған мүгедектерге көмектесу.

Сөйтіп, оның тың идеясын “Металл групп” компаниясы қолдап, 2 млн теңге қаражат бөліпті. Бүгіндері аталған сомаға су жаңа “Лада гранта” автокөлігі сатып алынды. Жақында көлік Ресейдің Челябі қаласында арнайы мүгедек адамдарға ыңғайлап өзгертілмек. Кейін жарымжандар бұл темір тұлпарды жүргізудің қыр-сырын арнайы автомектепте меңгере алады. Бұдан соң, “Лада грантаны” өздері тізгіндейді.

Сәлімхан Сәбитов – “Қоғамдық келісім” КММ жетекші сарапшысы:


– Дәрігерлердің қорытындысы бойынша жүргізуші куәлігін алуға рұқсат етілсе, олар біздің автомектепте білім ала алады. Бұл автомектептің басты мақсаты – мүгедек балаларды, адамдарды үйретіп қана қоймай, келешекте оларды әрі қарай, қолдап, жұмысқа орналастыру, өздері қосымша табыс таба алса бізден көмек болар еді.

Сонымен қатар, “Алтын Қыран” серіктестігі де 4 млн теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетуге әзір. Бұл қаржыға тағы бір темір тұлпар алу көзделген. Сәтін салса, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автомектеп тамыз айының ортасында жұмысын бастайды. Мұнда жүргізуші куәлігіне оқу құны – 15 мың теңгені құрамақ.

Ақжан Кәрім – “АРДОС-Жүрек” мүгедектер бірлестігінің жетекшісі:


– Біздің мектепті бітіргендер алдағы уақытта екі қолға бір күрек таба алады. Бұл үшін “Империал” таксопаркімен ауызша келісімге келдік, олар түлектерімізді жұмысқа алуға даяр.

Болашақта “АРДОС-Жүрек” мүгедектер бірлестігі техникалық қызмет көрсету станциясын да ашуды жоспарлап отыр. Онда көліктерді көрші елге апармай-ақ, кембағал жандар үшін жабдықтап береді. Айту керек, бүгіндері шаһарымызда 10 мыңнан астам жарымжан бар. Олардың 8339-ның тірек қимыл жүйесі бұзылған.

Тогжан Акмагамбетова