Қоғам

Қалының құрметті азаматтары жастармен кездесті

Бауыржан Құлжанов – өлкеміздегі қазақ күресінің дамуына зор үлес қосқан зейнеткер спортшылардың бірі. Палуан 70-ші жылдары талай байрақты бәсекеде өңір намысын қорғап, үнемі қатарластарының алды болған. Бүгінде құрметті демалысқа шыққанына қарамастан, күрестің қайнаған қазанынан бәр сәтке алыстаған емес. Жерлесіміз артынан ерген жастармен өмірлік тәжірибесін бөлісіп, үнемі бағыт-бағдар беріп тұрады. Ағамыздың осындай көпжылдық еңбегі бағаланып, 2012-ші жылы ол “қаланың құрметті азаматы” атағына ұсынылған болатын.


Бауыржан Құлжанов – Петропавл қаласының құрметті азаматы:


– Қызылжар өңірінде спорт дамып келе жатыр. Әр түрінен жетістіктерге жетіп жатыр. Сол бізді қуантады. Біздің борыш-парызымыз осы балаларға, жастарға жөнді салиқалы тәрбие беру. Өйткені олардың рухы биік, намысты, денсаулықтары мықты болса – мен ойлаймын ел болашағы жарқын болады.

Бүгінде Бауыржан Құлжанов сияқты түрлі жылдары әр саланың тұтқасын ұстап, қала мен өлкенің өркендеуіне үлес қосқан жерлестеріміз аз емес. Соның бірі – кәсіпкер Алик Дядин. 1988 жылы ол жанұясымен бірге Қырғызстаннан көшіп келіп, партиялық қызметке жұмысқа тұрыпты. Ал, зейнетке шыққан соң қол қусырып отырмай кәсіпкерлікке ден қойған.

Алик Дядин – Петропавл қаласының құрметті азаматы:

– Алғашында қаладағы партиялық ұйымды басқардым. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін талай жыл әкімдікте еңбектендім.

Жалпы бұл жолғы шарада танымал әртістер, дәрігерлер мен кәсіпкерлер жаңа буынға өздерінің еңбек жолын баяндап, табысқа жетудің сырымен бөлісті.

Сания Аманова – И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханасының кітапханашысы:


– Біздің кітапханада “Жүз жаңа тұлға” жобасы аясында “Қала тұлғалары” бағдарламасы құрылып, осы бойынша көптеген іс-шаралар өтіп тұрады. Бұл жобаның мақсаты – әртүрлі қызмет саласы бойынша еңбек етіп, жетістіктерге жеткен қаламыздың белгілі азаматтарымен кездесу. Биыл кітапханада облыстық мұрағат, мұражай, кәсіпкерлер, ақын-суретшілермен кездесулер болып өтті.

Келесі жолы кітапхана қызметкерлері шаһардың дамуы жолында тер төккен өзге де құрметті азаматтармен кездесу ұйымдастыратын болады.

 

Бахыт Садвокасов