Қоғам

Петропавлда әлеуметтік жобалардың таныстырылымы өтті

Биыл “Қазақстанның озық әлеуметтік жобалары” байқауының өңірлік кезеңіне солтүстікқазақстандық 19 үміткер өткен. Маңызды шараны былтыр еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдастырса, осы жылы “Нұр Отан” партиясы қолға алыпты. Бірінші болып облыстық комиссия мүшелерінің алдында өз бағдарламасын Ольга Ивановская таныстырып жатыр. Смирнов әлеуметтік қызмет көрсету орталығының маманы науқастарды оңалтудан өткізудің жаңа әдістемесін жасап шығарған. Нәзікжандының оңалту курсынан инсульт алған 4 қария өтіп, бүгінде денсаулықтары жақсарып қалыпты.


Ольга Ивановская – Смирнов әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік қызметкері, Аққайың ауданы:


– Қазіргі уақытта біздің интернат-үйінде егде жастағы 320 адам тұрып жатыр. Олардың 164-і төсекке немесе арбаға таңылған кембағал жандар. Орталықты мекендейтін қарттар уайым-қайғыдан инсульт алып, қызметшілердің күтіміне тәуелді болып қалады. Менің жобам дәл осындай жандардың аяққа тұрып кетуіне жәрдемдеседі. Емдеу кезінде дифектолог пен массаж жасаушылар әр науқаспен жеке-дара жұмыс істейді.


Ал Анастасия Швец – шаһардағы “Солнечный дом” қоғамдық қорының құрылтайшысы. Нәзікжандының бағдарламасы даун синдромына шалдыққан балалардың белгілі-бір мамандық иесі атануына жәрдемдесуді көздейді. Өйткені, орталықтан түлеп ұшқан ұл-қыздарды, кәсіптік колледждердің бірде-біреуі оқуға қабылдамайды екен. Басты себеп – мұндай жандарды оқытатын оқытушылар жоқ.

Анастасия Швец – “Солнечный дом” ҚҚ ортақ құрылтайшысы:


– Мекемедегі балалар 2 топқа бөлінген. 7 жасқа дейінгі балалармен және олардан ересек балғындармен бөлек жұмыс істейміз. Даун синдромына душар болған адамдардың қоғамға сіңісіп кетуі оңай емес. Интернаттан тәрбиеленіп шыққан балаларды белгілі бір мамандыққа оқыту қажет. Біздің елде осы жағы ақсап тұр. Олар кәмелеттік жасқа толған соң ешкімге керексіз болып қалады. Жобамда шәкірттерді тігін тігуді үйрету және үй шаруашылығы мамадықтарына оқыту қарастырылған.

Конкурстық комиссия қарауына қоғамның әлжуаз топтарын барынша қолдайтын әлеуметтік маңызы бар жобалар ұсынылған. Әр үміткердің бағдарламасы тікелей осындай топтағы жандардың қоғамға араласуға негізделіп отыр.

Артур Молдағұлов – “Нұр Отан” партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:


– Жетекші партия жанындағы комиссия мүшелері ұсынылған жобаларды жан-жақты таразылайды. Бұл бастама әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған адамдарды қолдауға бағытталған. Байқаудың алғашқы кезеңі осы жылдың сәуірінде өтті. Ол сында таныстырылған үздік жобалар бүгінгі облыстық кезеңге жолдама алды. Біз грант иегерлерінің қаржыны тиісті бағытта жұмсауын жіті тексереміз.

Байқаудың өңірлік кезеңінде партиялықтардың көңілінен шыққан жоба авторлары 1,2,3-ші орын және қомақты ақшалай сыйақыға ие болады. Ал бас жүлдені еншілеген жерлесіміз өз жобасының артықшылығын байқаудың республикалық сынында дәлелдемек.

Бахыт Садвокасов