Құқық қорғау органдары

Тәртіп сақшылары кезекті рейд шарасын өткізді

Рейд барысында жаяу жүргіншілер арасында 17 заңбұзушылық анықталды. Олардың басым бөлігі жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтпекші болған. Тәртіп сақшыларының назарынан велосипедшілер де тыс қалмады. Абырой болғанда, жыл басынан олардың қатысуымен бірде-бір оқиға тіркелмепті. Дегенмен, қос дөңгелекті көлікті тізгіндегендердің көбі жолда жүру ережелерінен бейхабар екен.

 

Асхат Курмашев – Петропавл қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полициясының полицейі:


– Жаңа ғана Сүтішев пен Горький көшелері бойында велосипедке мінген қала тұрғынын тоқтаттық. Ол көлік қозғалысына кедергі жасап, қиылысты жоғары жылдамдықпен өтті. Заң бұзу фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Байқағанымыздай, велосипедшілердің дені, жол ережелерінен хабарсыз.

Полицейлер, жедел-алдын алу шарасы барысында тағы 9 заң бұзушылық фактісін әшкереледі. Жылдамдықты асырған темір тұлпар жүргізушілеріне айыппұл салынды. Сондай-ақ, бір көлік иесі мас күйінде ұсталды. Ол енді 3 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін. Жалпы бір тәулікте тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережелерін бұзудың 130 фактісін анықтады.

Азамат Келдеғұлов -Петропавл қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полициясының батальон командирі:


– Бүгінгі рейд барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Біздің назарымызға көлік тізгіндеушілер, жаяу жүргіншілер, велосипедшілер ілінді. Барлығына ескерту жасап, жол қозғалысын сақтауға кеңес бердік.

Жыл басынан өңірде жаяу жүргіншілерді қағып кетудің 27 фактісі тіркелді. Оның салдарынан 3 адам қаза тауып, 25-і түрлі жарақаттар алған.

Тогжан Акмагамбетова