Ауыл шаруашылығы

Еңбек түбі берекет

Мұрат Қаражұманов – “Мамбетов и К” командиттік серіктестігінің белді механизаторы. 54 жасар Мамлют ауданының тумасы іргелі агроқұрылымда 32 жыл бойы бел жазбай еңбектеніп жүр. 1981-ші жылы Меңгесер совхозына қарапайым механизатор болып жұмысқа тұрған ол кейін КС-ке айналған шаруашылықтың қайнаған өміріне аралады. Былтыр серіктестік басшылығы қарамағындағы жұмысшысының көпжылдық еңбегін бағалап, “3-ші дәрежелі Еңбек Даңқы” орденіне ұсыныпты.

Мұрат Қаражұманов – 3-ші дәрежелі “Еңбек Даңқы” орденінің иегері, “Мамбетов и К” КС механизаторы, Мамлют ауданы:


– Басшыларға рақмет! Еңбегімді бағалап жатыр. Енді тосын сый болды ғой, ондай жетістікке жету 4 ұйықтасаң да түсіңе кірмейді. Қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Артымнан жастар еріп келе жатыр, комбайн болсын, трактор болсын білгенімді аямаймын. Біршама техникада істедім ғой, білгенімді аямай үйретіп жатырмын. Ауыл шаруашылығында істеу оңай емес.

Осы жылдар ішінде білікті механизатор талай техниканы тізгіндеген. Алғашында “К-700” тракторымен дала басында еңбектенсе, бертінгі жылдары шаруашылық басшысы оған жаңа себу кешенін сеніп тапсырыпты. Қазір жерлесіміз көктемде тұқым сеуіп, күзде астық тасыса, қыс мезгілінде елді-мекеннің жолдарын қардан аршуға тартылады.

Мұрат Қаражұманов – 3-ші дәрежелі “Еңбек Даңқы” орденінің иегері, “Мамбетов и К” КС механизаторы, Мамлют ауданы:


– Жастайымыздан әкеміздің жанында жүріп, көп нәрсені көрдік. Сол себептен осы жетістігім тікелей әкемнің арқасы деп білемін. Жұмыстың оңайы жоқ қой. Бәлен жыл істеп келе жатырмыз. К-700-та қысы-жазы жұмыс бар. Жеңіл жұмыс жоқ, бәрін жеңе білу керек.

Ағамыздың өмірлік жары Қымбат апай отағасының марапатталатынын естігінде, төбесі көкке жетіпті. Нәзікжанды отағасының үйде қамқор жан екендігін айтады. Жолдасы жұмыстан қанша шаршап келсе де, үй шаруасына қолғабыс жасап, балаларына да бағыт-бағдар беруден жалықпайды екен.

Қымбат Қаражұманова – Мұрат Қаражұмановтың жары, Мамлют ауданы:


– Осы жұмысты істеп жатқаны ол біздің осы қалай қарсы алып, біздің көңілімізге де байланысты ғой. Жұмысқа жақсы шығарып салуға тырысамыз енді. Көңілді, тоқ барса, жұмысы да жақсы жүреді. Ал жұмыстан оралғанда барлығымыз көңіл бөлеміз, келініміз де “әкем” келді деп алдынан жүгіріп шығады. Тамағын даярлап, суын беріп, дұрыстап қарсы аламыз.

Құдай қосқан қосағымен 30 жыл шаңырақ құрған ағамыз 1 қыз бен 2 ұлдың әкесі. Қолы қалт етсе, еңбек адамы уақытын немере-жиендерімен өткізеді.

Бахыт Садвокасов