Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ауылдарды ауыз сумен қамту

Бұл – Қазсушар кәсіпорнына қарасты Соколов өндірістік учаскесінің 1-ші көтерілімдегі сорғы станциясы. Мұнда Есіл өзенінен тіршілік көзі келіп түседі. Оны мамандар қабылдап, 12 метр тереңдікте орналасқан арнайы камерада сақтайды. Нысанға 2012-17-ші жылдар аралығында күрделі жөндеу жасалыпты. Қайта қалыпқа келтіруден соң ғимараттың жұмысы толығымен автоматты жүйеге ауысқан.


Асқар Тілеубаев – ҚР АШМ «Қазсушар» ШЖҚРМК «Есіл су» филиалының Соколов өндірістік учаскесінің басшысы:


– Станцияға жаңадан техникалық қондырғылар орнатылды, сорғылар қойылып, жаңа құбырлар тартылды. Мұның арқасында қызметіміз едәуір жеңілдеді. Қазір осы жердегі маман барлығын компьютерден көріп, жағдайды бақылауда ұстайды. Қажет болса 1 тетікті басу арқылы жұмысты өзгерте алады. Жөндеуден соң, мұнда келіп түскен су шығындалмайтын болды. Бұрындары ескі құбырлар арқылы тасымалданатын тіршілік көзінің біразы діттеген жерге жетпей, ағып кететін.

Жаңғыртудан соң судың сапасы да жақсарған. Бұған дейін 1 литр тіршілік көзіндегі лайдың мөлшері 1,1-1,2 мл грамды құрапты. Ал, жөндеуден кейін көрсеткіш 0,7-ге дейін төмендеді. Бұнымен іс біткен жоқ. Нысанда сақтаулы тұрған су 3 жарым шақырым жерде орналасқан Қызылжар ауданына қарасты Кривозерка селосындағы тазалау станцияна құбыр арқылы жетеді.

Соколов өндірістік учаскесіне қарасты бұл жерде тіршілік көзі бірнеше кезеңдік тазартудан өтеді. Одан кейін резервуарға түседі. Істің бәрі автоматтандырылған. Станциядағы су зертханашылардың мұқият бақылауында – мамандар үнемі сынама алып, тіршілік нәрінің жағдайын тексеріп тұрады. Бұдан соң ғана су елді мекенге таратылады екен.

Никита Забавин – ҚР АШМ «Қазсушар» ШЖҚРМК «Есіл су» филиалының бас инженері:


– Осы жылдың шілде айында Соколов өндірістік учаскесіне 1-ші кезектегі жөндеу жасалды. Нақтырақ айтсақ, 1-ші көтерілімдегі сорғы станциясы мен 116 шақырым құбыр қалыпқа келтірілді. Іске республикалық бюджеттен 4,6 млрд теңге жұмсалды. Атқарылған шаруадан соң Қызылжар ауданындағы 13 елді мекендегі су жүйесі жақсарды. Оның 4-еуі тіршілік көзіне жаңадан қосылды. Алда тағы 2018-2020 жылдарға арналған жобамыз бар. Жалпы құны 6,9 млрд-ты құрайтын бағдарлама аясында 19 ауылға жаңа құбыр тартуды жоспарлап отырмыз.

Сонымен қатар, алдағы уақытта Жамбыл ауданында орналасқан бірқатар ауылдардағы су құбырлары да ауыстырылады.

Никита Забавин – ҚР АШМ «Қазсушар» ШЖҚРМК «Есіл су» филиалының бас инженері:


– Преснов топтық су құбырларын тарту 2 кезеңде жүзеге аспақ. Оның алқашында 244 шақырым қашықтықта іс жүргізіледі. Нәтижесінде 21 ауылдағы құбырлар жаңғыртылмақ. Кейін, тағы 19 елді-мекенде жұмыс жүргізіледі. Мұның бәріне республикалық бюджеттен 12 млрд. теңгеден аса қаржы бөлінді. Іс жоспар бойынша биыл және келер жылы аяқталуы тиіс.

Тағы, биыл Шал ақын, Тимиярязев пен Ғ.Мүсірепов аудандарының тұрғындарын тірішілік көзімен қамтитын 1-ші көтерілімдегі сорғы станциясы іске қосылыпты. Жалпы, қазіргі күні Қазсушар кәсіпорынның Есіл су филиалы өңіріміздегі 11 және Қостанай облысындағы 2 ауданға су жеткізіп отыр.

Байболат Бектемірұлы