МТРА жаңалықтары

Статистик мамандар жартыжылдықты қорытындылады

2018-дің 6 айы артта қалды. Осы уақыт ішінде өңірде шамамен 3 мың сәби туған. Ал 2900 жерлесіміз өмірден өткен. Жалпы алсақ, қазір Солтүстік Қазақстан облысында 557 мың адам тұрады. Олардың 45 пайызы қалаларды, 55 пайызы ауылдық жерлерді мекен етеді екен. Десе де, өңірден көшіп кетіп жатқан жерлестеріміздің саны көбеймесе, азаяр емес. Жыл басталғалы шамамен 10 мыңдай азамат өлкеден кетіп қалған.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:


– ҚР басқа өңірлерінен 2107 адам көшіп келді. 2712 адам көшіп кетті. ТМД елдеріне 1133 адам қоныс аударды, олардың 98,1 пайызын РФ қабылдады. ТМД елдерінен 222 адам көшіп келді. 80,6 пайызы РФ келді.

Ал облыс халқының ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы өткен жылға қарағанда сәл өсіпті. Қазір ол 25722 теңгені құрайды. Бұл соманың 14150 теңгесін теріскейліктер азық-түлікке, ал қалғанын өзге тауарлар мен ақылы қызметтерге жұмсайды екен.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:


– Шығыстар үлесі ет және балыққа – 18,1, сүт, май өніімдері мен жұмыртқаға – 13,7, жемістер мен көкөністерге – 13,6, нан және жарма өнімдеріне – 7,4, қант, шай және дәмдеуіштерге – 2,2 пайыз келеді.

Ал орташа жалақы ше? Үстіміздегі жылдың 1 тоқсанында ол 102254 теңгеге тең болыпты. Ең жоғарғы орташа айлық, 182 жарым мың теңге, көлік және қоймалау саласына тиесілі. Ал ең төменгісі – сауда саттықта. Сала еңбеккерлерінің орташа еңбекақысы 90 мыңнан сәл асады.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:


– Облыс аудандары ішінде ең жоғары жалақы Қызылжар ауданында – 96378 тг. және М.Жұмабаев ауданында – 89277 тг. Ең төмен жалақы Уәлиханов және Мамлют аудандарында.

Тағы, жыл басталғалы облыстағы инфляция деңгейі 3,1 пайызды құраған. Азық-түліктің бағасы жарты жылдың ішінде шамамен 4 пайызға өскен. Бұған қарамастан, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жеке салалардың ілгері жылжыуында оң динамика байқалады.

Саят Ермек – тілші:


– Қазір теріскей құрылыс көлемінің өсу қарқыны бойынша республикада көш бастап тұр. 2018-дің 6 айында жерлестеріміздің игілігіне 59703 шаршы метр баспана берілген. Сауда көлемінің өсу қарқыны бойынша 16 өңірдің ішінде 5-ші , ал тартылған инвестиция көлемі бойынша 8-шіміз.


 

Саят Ермек