Қоғам

Петропавлдықтар Денис Тенді еске алды

Жүздеген жерлесіміз А.Винокуров атындағы спорт сарайының алдына жиналып, чемпионды бір минут үнсіздікпен еске алды. Кейін шаһар тұрғындары спортшы суретінің алдына гүл шоқтарын қойды. Денис Тен Сочи олипиадасының қола жүлдегері, төрт құрлық додасының, Азияда және Универсиада ойындарының чемпионы, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері. Еске салсақ, қайғылы оқиға маусымның 19-ы Алматыда орын алған болатын. Көлігінің айналарын жымқырмақ болған екі ұрының үстінен түскен мәнерлеп сырғанаушы олармен жанжал барысында жарақат алған. Спортшы аяғына салынған пышақ жарасының салдарынан сол күні кешкі сағат бес жарымда ауруханада көп жұмды. Осыдан 1 ай бұрын ғана 25 жасқа толған ел мақтанышын пышақтаған күдіктінің бірі көп ұзамай құрықталды. Ал оның сыбайласы әлі іздеуде жүр. Денистің петропавлдық жолдастары мен спорттағы әріптестері оның өліміне әлі де сене алмай отырғандарын жеткізуде.

Роман Креч – конькимен жүгіруші, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері:


– Бұған сену, мұны қабылдау өте қиын. Денистей арлы азамат, жақсы жолдас, керемет спортшыдан айырылып қалдық. Бұл оқиға өмірдің қамшы сабындай ғана қысқа екенін есімізге салып отыр. Чемпионды ешқашан ұмытпай, жарқын келбетін есімізде мәңгіге сақтауымыз керек. Оның игі істері, жетістіктері болашақ фигуристер үшін үлгі болуы тиіс.

Саят Ермек