Қоғам

Түзету мекемесінде жазасын өтеушілер арасында спартакиада бастау алды

Мына жерде сап түзеген ЕС-164/1 түзету мекемесінде жазасын өтеушілер бірер сәттен соң футбол ойынынан тартысқа түспек.

Сонымен көп күттірмей, екі құрама арасындағы тартысқа толы кездесу басталып кетті. Көк жейде киген футболшылар ойынның алғашқы минуттарынан-ақ қарсыластарына басымдық көрсетуде. Дегенмен, қызыл жейдегілер олардан қалыс қалмауға тырысып бағуда.

Нұралы Ғабдуллин – жазасын өтеуші:


– Біз дайындалдық. Балалармен кешке қарай уақыт болған кезде. Мен осы жерде 2016 жылдан бері отырмын. Жыл сайын осындай спартакиада өткізіп тұрады. Өзім қатысымын. Мекеме басшылығына бізге осындай мүмкіндік бергеніне алғысым шексіз.

Бұдан бөлек, ЕС-164/1 түзету мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтар жеңіл атлетика, волейбол, үстел теннисі, шахмат сынды спорттың 8 түрінен өзара мықтыны анықтайды.

Мерей Мұрсәлімов – ЕС-164/1 түзету мекемесінің жасақ бастығы:


– Басты мақсат- сотталғандарды түзу жолға бұру. Осы жерде жазаларын өтеушілерге аптасына 3 рет бос уақыт бөлеміз. Осы кезде олар өздері түрлі спорт түрлерімен шұғылданады.

Спорттық шара тамыз айының соңына дейін жалғаспақ. Жеңіс тұғырынан көрінген жандар грамота, алғыс хат және шағын сыйлықтарға қол жеткізеді.

 

Тогжан Акмагамбетова