Бұл – Солечный кентіне апарар тас жолдың жиегінен төселген су құбыры. Қыста оның осы бөлігі жиі жарылып, үздіксіз апаттар орын алған болатын. Мәселе күні бүгінге дейін шешімін таппаған. Шалшық судың кесірінен жергілікті тұрғындардың жүріп-тұруы қиындапты. Тіршілік көзі әсіресе аудандағы жалғыз азық-түлік дүкенінің қызметіне кедергі келтіруде. Сауда орнының басшылығы қалалық әкімдік пен құбырға қызмет көрсетуші мекемеге сан мәрте хабарласқанын айтады. Алайда, ешқайсысы мәселені біржақты етуге құлық танытпай отырған көрінеді.
Ирина Мурадова – Солнечный кентіндегі дүкен басшысы:
– Проблема кент арқылы өткізілген құбырдың кесірінен туындады. Әсіресе, қар еріген сәтте дүкенім су ортасында қалып, тұрғындар жолай алмады. Қолайсыздықтан нысан іші сыз тартуда. Айналадағы шалшық су күні-түні жертөлеге ағып жатыр. Амалдың жоқтығынан күніне 2 рет оны мотопомпаның көмегімен сорып аламыз.
Қызылжар су серіктестігінің өкілдері бан кінәні ескірген құбырдан көріп отыр. Магистраль сыр беріп, салдарынан су маңайға жайылған дейді.
Андрей Дылдин – “Қызылжар су” ЖШС өндіріс бойынша аға шебері:
– Диспетчерлік қызметке апат жөнінде хабар келіп түсті. Өздеріңіз көріп тұрғандай, жағдайды қалыпқа келтірдік. Нақтырақ айтсақ, диаметрі 200 мм темір құбыры істен шықты. Осы аумақтағы желі 1994-ші жылы тартылып, содан бері жөндеу көрмеген. Былтыр Солнечный кентіне дейінгі бөлікті жаңарттық. Сыр берген учаскедегісін енді 2019-шы жылы ауыстыру жоспарда бар.
Өстіп арна тілшілерінің араласуымен кент тұрғындарын мазалаған мәселе әп-сәтте шешімін тапты. Мекеме қызметкерлері 4,5 сағаттың ішінде жарылған құбырды жамап берген. Ал жапа шеккен сауда орнының жертөлесіне жиналған шалшық су, арнайы техниканың көмегімен сорып алынды.
Бахыт Садвокасов