Тренинг қызықты өту үшін ұйымдастырушылар балғындарды 3 жұмыс тобына бөлген. “Бәріміз-бірдейміз” тақырыбының идеясын барынша ашу мақсатында балаларға шығармашылық еркіндік берілді. 5 оқушыдан құралған әр топ тақырыпқа сай сурет салды, ермексаздан өз символдарын жасап шығарды. Шығармашылықтарын танытып, өз ойларын қағаз бетіне түсіріп жатқан жеткіншектердің арасында мүмкіндігі шектеулі балалар мен қалалық 4-ші мектептің оқушылары бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы іспеттес топтық жұмыста жарымжан балалар өздерін өзгелермен тең сезінеді.
Ақжан Кәрім – «АРДОС- Жүрек» мүгедектер бірлестігі» ЗТБ директоры:
– Бүгінгі іс-шараның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың қарым-қабілеттерін арттыру. Оған қоса қоғамнан бөлектенбей, қысылмай өмір сүруге беуімдеу болып табылады. Өйткені, жеткіншектердің барлығы талантты.
Мирослав Логутцев қалалық 10-шы орта мектептің 6-сыныбында оқиды. Тренингте жарымжан жеткіншек ерекше белсенділік танытты. Оның мектептегі сабақ үлгерімі де жақсы, мектепішілік іс-шараларға жиі ат салысады екен.
Мирослав Логутцев – жарысқа қатысушы,қалалық №10-шы мектебінің оқушысы:
– Бүгінгі іс-шараға ағаммен бірге келдім. Барлығы өте қызықты өтіп жатыр. Жаңа адамдармен тіл табысып, достастым.
Түстен кейін балғындар жарыс алаңында кездесті. Дәл қазір жеткіншектер 2 командаға бөлініп, допты қолдан-қолға тапсырып өздерінің есімдерін атауда. Кейін, балақайлар көңілді старт ойындарында өзара мықтыны анықтады. Бұл сынға қатысушылардың арасында Влад Семушкин бар. Жеткіншек «Бәріміз-бірдейміз» атты іс-шараға жыл сайын қатысады екен. Бүгінгі сайысқа да ол тыңғылықты дайындалып келіпті.
Влад Семушкин – жарысқа қатысушы, қалалық №4-ші мектеп оқушысы:
– Спартакиадада 7 ойын түрінен сынға түсеміз. Әзірге қарсылас команда алға басып келеді. Уақыт әлі бар, біздің команда алға шығады деген ойдамын. Жалпы, бүгінгі күн жақсы өтіп жатыр, көңіл-күйім тамаша!
3-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып келетін іс-шараға биыл 15-тен аса мүмкіндігі шектеулі жеткіншек қатысты. Байқау қортындысы бойынша барлық қатысушылар медальдар, мақтау қағаздары және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Альмира Жетписбай