ТЖ

Есіл өзені бойында оқу-жаттығу жиыны өтті

Сағат күндізгі 4. Бұл уақытта Есіл өзені бойындағы мұнай өнімдері құбырынан ақау шықты. Төтенше жағдай туралы ақпарат автоматты түрде «Транснефть – Урал» АҚ Петропавл желілік өндірістік-диспетчерлік станциясына түскен. Мамандар мұндай хабарды ала сала оқиға орнына келе жатыр.

Станция қызметкерлерінен бөлек, оқу-жаттығу жиындарына тәртіп сақшылары, экологар, дәрігерлер мен төтенше жағдайлар ведомствосының мамандары да қатысып жатыр. Олар бірлесе әрекет етті. Алдымен, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері өзеннен сынама алды. Кейін, жиналғандар судың бетіне жайылған дизелдік отынды соруға кірісті. Бұл істе “АКН-10” көлігі қолданылды.

Жұмыла жұмыс атқарудың арқасында мұнай өнімдері толығымен сорылды. Дегенмен бұл істің соңы емес. Осы сәтте құбыр бойыннан от шығу қауіпі бар. Мұны назарға алған өрт сөндірушілер сақадай сай тұр. Егер де тілсіз жау тұтанса олар қызыл жалынға арнайы көбік шашпақ. Бірақ, ешқандай оқыс оқиға орын алмады.

Мұрат Қанғожинов – СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары:

– Біздің өңір арқылы Ресейден мұнай өнімдерінің құбыры өтеді. Оның жалпы ұзындығы 226 шақырымды құрайды. Міне, осы қашықтықтағы жағдайды қатаң назарда ұстауымыз керек. Егер де бір төтенше жағдай орын ала қалса, дереу оқиға орнынан жетіп, сұйықтықтың айналаға жайылуына мүмкіндік бермеу маңызды. Сол себепті істегі тәжірибемізді арттыру мақсатында жаттығу ұйымдастырылып отыр.

Дәрігерлер де осы маңнан табылды. Ақ халатты абзал жандар апат орын алған уақытта өзенге түсіп жүргендерге алғашқы көмек көрсетті.

Жанат Бірімжанов – «Транснефть – Урал» АҚ Петропавл желілік өндірістік-диспетчерлік станциясының басшысы:

– Біз Есіл өзені саласында әр тоқсан сайын осындай жаттығу ұйымдастырамыз. Ал, бүгінгі шараға облыстық департаменттерден де қызметкерлер қатысып отыр. Мамандардың жалпы саны 50, ал техниканың қатары 20-ға жуықтайды. Негізі біздің акционерлік қоғамда өткен жыл “Экология жылы” деп аталды. Осыдан ақ, компанияның қоршаған ортаны ластамауға көңіл бөліп отырғандығын байқауға болады.

Айта кетейік, осы құбырлар арқылы мұнай өнімдері 1956 жылдан бері тасымалданады. Бұл уақыт аралығында өңір арқылы өтетін құбыр бойында бірде-бір төтенше жағдай орын алмапты.

 

Байболат Култанов