Бизнес және экономика

Мереке қарасаңында Шал ақын ауданында бірнеше өндіріс ошағы ашылды

Аудан әкімі Нұрлан Есімов таспасын қиған бұл шағын цех Ақамбарақ ауылында орналасқан. Ол жергілікті “Әсем” шаруа қожалығына тиесілі. Екі қабатты ғимаратта 4 адам еңбек етеді. Олар шаруашылықтағы малдың бәріне хлорелла атты балдырдың супензиясынан жасалған жем-шөп қоспасын әзірлейді. Бұл табиғи қоспа малдың денсаулығын жақсартып, беретін өнімін бірнеше есеге көбейтуге қауқарлы.

Асан Атымтаев – “Әсем” шаруа қожалығының директоры, Шал ақын ауданы:


– Мал дәреумендері қазір өте қымбат. Шығын көбейіп кетті. Сондықтан таныстарымыздың кеңесімен осындай цех ашуды жөн көрдім. Жобам мемлекеттен қолдау тауып, “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасы бойынша 2,5 млн теңгенің грантын ұтып алдым. Қаржыны қайтарудың қажеті жоқ. Бұл керемет технология. Оның көмегімен басы артық шығынсыз малдың иммунитетін жақсартып, салмағы мен беретін сүт көлемін арттыруға болады.

Саят Ермек – тілші:

– Бұл жасыл сұйықтық – хлорелла суспензиясы. Ол малдың ағзасына өте пайдалы әрі бірнеше есе қымбат витаминдерді алмастыра алады. Бұл сұйықтықты таза суға құю керек. Кейін қоспа 5-6 күн осы бакта жатады. Осы уақыт ішінде ол бірнеше есеге көбейеді. Дайын қоспаны жаңа туған бұзауға да, ересек малға да беруге болады.

Бұл бактар – биореактор деп аталады. Оның біреуіндегі табиғи балдырдан жасалған қоспа 50 ересек малға немесе 100 төлге жетеді. Ол иіссіз, түссіз әрі үнемді. Мұндай инновациялық шағын цехтің теріскейде әзірге аналогы жоқ. Бүгінде шаруашылық тек өз қажетілігін қамтамасыз етіп отыр. Алайда, алдағы уақытта табиғи өнімді көбірек шығарып, өзге де қожалықтарға сатып, пайда таппақшы.

Елорданың туған күні қарсаңында таспасы қиылған тағы бір нысан – Сергеевкадағы ет дүкені. Оны фермер Иван Белюга ашты. Ол басшылық ететін қожалықта қазір 300 бас шошқа бар. Дүкенде кәсіпкер өзі өндіретін ет пен жартылай фабрикаттарды саудаға қойған. Сондықтан мұндағы тауар табиғи әрі таза.

Иван Белюга – “Белюга” ЖК директоры, Шал ақын ауданы:


– Дүңгіршек ашу үшін әкімдіктен жер сұрап бардым, берді. Кейін ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 550 мың теңгеге шағын несие алдым. Оны 1,5 жылдың ішінде қайтармақпын. Мен тек шошқа өсіремін. Дегенмен, алдағы уақытта қой, сиыр және құс еттін саудалауды жоспарлап отырмын. Олар мұнда нарықтық бағамен сатылатын болады.

Ал шошқа етінің бағасы нарқытағы бағадан біршама төмен. Айырмашылық – 200 теңгенің маңайында. Сондықтан ашылған күннен бастап дүкенге ағылған тұрғындардың қатары қалың. Қуантары, ісін дөңгелетемін дейтін шалақындықтардың дені бұрын сауда саттық немесе ауыл шаруашылығы салаларына ден берсе, соңғы бірер жылда ауданнің іскер азаматтары өндірістік кәсіпорындарды ашуды қолға алған.

Зере Әбдірахманова – Шал ақын аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:


– Қазір аудан бойынша 3500 адам кәсіпкерліпен айналысады. Жыл басталғалы 7-еу, бүгін тағы 2-уі жұмысын бастады. Жыл аяғына дейін тас өңдеу зауыты іске қосылады. Қазір электр желісі тартылып жатыр.

Бүгінде ауданның 15-мыңға жуық халқы бар. Шалақындық кәсіпкерлер олардың 3,5 мыңын еңбекпен қамтып отыр.

Саят Ермек