Әр түрлі

Арабтар “Зенченко и К” КС болды

Алдымен Фуджейра эмиратының бизнесмендері “Зенченко и К” командиттік серіктестігінің 1-ші сүт фермасына барды. Мұнда қазіргі таңда 2100 бас ірі қара бар. Олардың 1200-і күніне үш мезгіл сауылады. Нәтижесінде бір тәулікте 28 мың литр ақ жиналады екен. Зеңгі баба төлдерінің күтімі жақсы. Сиырлардың жағдайы арнайы қондырғының көмегімен бақыланып отырады.

Ферманың мүмкіндігімен танысқан меймандар сүт өнімдерінен ауыз тиді. Оларға айран, қаймақ пен ірімшік ұсынылды. Табиғи таза тауар арабтардың көңілінен шықты. Қонақтар ақты сүйсіне жеп-ішіп, өздерінің жоғары бағасын берді.

Осы жерде арабтар дәмі тіл үйірер өнім шығаратын кәсіпорынмен әріптестік орнату ниеттерін білдірді.

Шариеф аль-Авади – Фуджейра эмиратының еркін экономикалық аймағының бас директоры, БАӘ:


– Бастапқы кезеңде қазақстандық тауарды Таяу Шығыс елдеріне экспорттағымыз келеді. Бұл екі жаққа да табысты болмақ. Өйткені, сіздерде әзірлеген тауар сапалы, әрі дәмді. Мұндай азық-түлік біздің жақта жоғары сұранысқа ие болары сөзсіз. Одан кейін екінші кезеңде бірлесіп өнім шығару жағын ойластыруға болады. Әріптестігіміз сәтті боларына сенемін.

Ал, мынау – бұзау қорасы. Мұнда жақында ғана туылған төлдер тұр. Олардың күтімі жайлы меймандарға өндіріс ошағының бас директоры Геннадий Зенченко айтып берді. Тағы, қонақтар басқа да сиыр базаларымен танысты. Ал, арабтарды ең қызықтырғаны серіктестіктің жылқылары болды.

Осы күні кәсіпорында 280 жылқы бар. Оның 20-ға жуығы ат жарыстарына қатысып, жоғары нәтижеге жетіп жүр. Қонақтар шашасына шаң жұқтырмайтын жануарларды суретке түсіріп жатты. Кейін, кәсіпкерлерге селодағы Спорт сарайы, Мәдениет үй көрсетілді. Соңғы нысанда Әмірліктің бизнесмендері домбыраның үнін естіп, қазақ биін тамашалады. Жалпы, өңіріміздегі іргелі серіктестік арабтармен әріптестік орнатуға дайын отыр.

Геннадий Зенченко – “Зенченко и К” КС бас директоры, Қызылжар ауданы:


– Егер де қонақтарымыз біздің тауарды сатып алуға ниет танытса, бірге жұмыс істеуге әзірміз. Олар өнімдерімізге жоғары бағаларын берді. Сол себепті әріптестік орнатамыз деп ойлаймын. Арабтармен жұмыс істеген бізге де тиімді. Себебі ақты Әмірлікке шығарсақ салық төлемейміз. Әрі, еркін қаржы қозғалысы болады.

Кездесу соңында Фуджейра эмиратының еркін экономикалық аймағының бас директоры Шариеф аль-Авади келесі жылы серіктестікке тағы келетіндігін айтты.

Байболат Култанов