Аптадағы маңызды жаңалықтар

Әріптестік аясы кеңімек

Солүстікқазақстан облысының басшылығы мен арабтар арасында бұған дейін де кездесу өтті. Нақтырақ айтсақ, қос тарап қаңтар айында Фуджейра эмиратында бас қосқан болатын. Онда екі жақ етене-жақын танысып, өзара әріптестік жөнінде бірнеше меморандумға қол қойды. Содан бастап теріскей Таяу Шығыстағы елмен сенімді серіктеске айналды.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Біріккен Араб Әмірліктері – еліміздің Таяу Шығыстағы негізгі стратегиялық және инвестициалық әріптестерінің бірі болып саналады. Қазіргі күні Қазақстанда Біріккен Араб Әмірліктерінің 200-ге жуық кәсіпорыны жұмыс істеп жатыр. Осы күні өңіріміз бен аталған мемлекет арасындағы тауар айналымы айтарлықтай ауқымды емес. Сол себепті келешекте байланысты нығайтып, алыс-берістің көлемін ұлғайтуды көздеп отырмыз.

Арабтарға бізбен бірлесе жұмыс істеген тиімді. Бұған Фуджейра өлкесінен келген қонақтар жиын барысында көз жеткізді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:


– Ауыл шаруашылығы саласын өркендету ойымызда бар. Одан бөлек, өнімді қайта өңдеу ісін жоғары деңгейге жеткізсек дейміз. Бұл ретте айта кетейін, қазіргі уақытта біз облысымызды экологиялық тұрғыда таза тауар шығаратын өлке ретінде танытып отырмыз. Тағы, көпшілігі өңірді машина жасауға қажетті тетіктер шығаратын аймақ деп біледі.

Сүт, ет, көкөністер мен май. Қазіргі күні астықты өңір ауыл шаруашылығы тауарларының барлық түрін шығарады. Теріскей осынысымен шет елдіктердің назарын өзіне аудартып отыр. Бұдан бөлек, өңірде жеңіл өнеркәсіпті, туризм мен инновацияны дамытып, құрылыс материалдарын шығаруға да мүмкіндік бар. Мұндай жобаларды жергілікті кәсіпкерлер Әмірліктен келген әріптестерімен бірлесіп жүзеге асырғысы келеді. Істі қолған инвесторларға тиімді жағдайлар жасалмақ. Олар салықтың кейбір түрлерінен босатылады, субсидия мен гранттарға ие болады.

Шариф аль-Аудахи – Фуджейра эмиратының еркін экономикалық аймағының бас директоры, БАӘ:

– Біз табысты әріптестік орнатуға ниеттіміз. Сіздердің өңірлеріңізге келіп отырған делегаттардың бәрі Фуджейраның беделді адамдары. Олар түрлі салада жемісті еңбек етіп жүр. Өзіміз жайлы айтып өтейін. Бізде ірі цемент зауыттары жұмыс істейді. Кәсіпорындарда 150 млн тонна құрылыс заты шығарылады. Сол цементпен Әмірліктегі көптеген ғимараттар тұрғызылды. Тағы, туризм жақсы дамыған. Оған дәлел ретінде 7 мың орынға шақталған қонақ үйлердің салынғандығын айта кету керек. Мұнайды қайта өңдеуде де алдыңғы қатардамыз. Бізде шет елдік инвесторларға тиімді жағдай жасалған. Олар салық төлемей-ақ бизнестен түсетін 100%-дық үлеске үміт арта алады. Оған қоса өзге елдерден жұмыс күшін әкелуге болады. Біз қаржының еркін қозғалысына кепілдік береміз.

Бұл ретте облыс басшысын Фуджейраның еркін экономикалық аймағының жұмыс тәртібі қызықтырды. Мұндайды біздің әуежай маңында да ұйымдастыруға болады. Істе әуе, темір жол және авто көліктерін қолдануға мүмкіндік бар. Бұл кәсіпкерлікті дамытуға тың серпін бермек.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

 


– 017 Бізге табысты кәсіпкерлік үшін қызығушылық пен білім қажет. Сіздерде туризмнің дамығанын, қонақ үй жұмысының жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғанын білеміз. Осыны үйрену үшін солтүстікқазақстандықтар Әмірлікте болып, тәжірибелерін шыңдаулары тиіс. Арадағы келесім аясында біз сіздерге барып, барлығын тегін үйренгіміз келеді. Қонақ үйді, сауда-ойын сауық орталықтарын қалай басқару керек? Кәсіппен қалай айналысу керек деген сияқты істі меңгергеніміз жөн.

Кездесу барысында Таяу Шығыстан келген қонақтар облыстың мүмкіншіліктерімен танысып, өздерінің тәжірибесімен бөлісуге дайын екендіктерін айтты.

Саид Аль Самахи – Фуджейра туризм және көне жәдігерлер орталығының директоры, БАӘ:

– Біз азық-түлік шығару, құрылыс пен туризм бағытындағы тәжірибемізбен бөлісуге әзірміз. Өңірлеріңіздің табиғаты өте әсем. Сіздерде тарихи және мәдени есткерткіштер көп. Оған қоса климаттарыңыз да біздің тұрғындарға қолайлы. Қазір бізде өте ыстық. Ал мына жақта одан демалуға болады. Агрокәсіптік кешен де маңызды. Біз жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, тәжірибе алмасып, шикізатпен қоймалар жайлы ақпарат алғымыз келеді. Бұның бәрі тиімді әрі пайдалы жобаларды әзірлеуге серпін береді.

Шара соңында қос тарап әріптестік жөнінде бірқатар құжаттарға қол қойды. Айта кетейік, бұл екі жақтың соңғы кездесуі емес. Өйткені, арабтар солтүстікқазақстанға тамыз айының соңында тағы да келмекші.

Байболат  Култанов